Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда балалардың жазғы сауықтыру орталығының жұмысына кешенді мониторинг жүргізілді

Мақтааралда балалардың жазғы сауықтыру орталығының жұмысына кешенді мониторинг жүргізілді

93

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың тапсырмасына сәйкес, балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сауықтыру орталықтарының жұмысын зерделеу мақсатында аудан әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде кешенді мониторинг жұмыстарын жүргізді.

2026 жылғы 18 шілде күні өткен зерделеу барысында жұмысшы топ орталықтың балаларды қабылдау және шығарып салуға дайындық деңгейін, ауысым кезіндегі күнделікті қызметін, санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуын, тамақтандыру сапасын, медициналық қызмет көрсетуді, сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған қауіпсіздік шараларын жан-жақты қарастырды.

Қазіргі таңда аталған орталықта бесінші ауысымда 200 бала демалуда. Демалушылар 2026 жылғы 24 шілдеде жазғы сауықтыру бағдарламасын аяқтап, үйлеріне оралады. Жалпы биылғы жазғы маусымда орталық бес ауысым ұйымдастырып, мыңнан астам баланы қабылдап, олардың сапалы демалысы мен жан-жақты дамуына жағдай жасады.

Мониторинг барысында жұмысшы топ балалармен еркін форматта пікір алмасып, олардың демалысқа қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар, тәрбиеленушілердің шығармашылық жұмыстары, қолөнер бұйымдары, сурет көрмелері мен түрлі үйірмелерде қол жеткізген жетістіктерімен танысты. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған мәдени-танымдық, спорттық және шығармашылық іс-шаралардың жүйелі өткізіліп жатқаны атап өтілді.

Зерделеу барысында балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, орталықтағы жатын орындардың талапқа сәйкестігі, тазалығы мен жайлылығы, тәулік бойы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі, бейнебақылау құралдарының жұмысы, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуы, ауызсудың сапасы, санитариялық тазалықтың сақталуы және медициналық қызметтің қолжетімділігі пысықталды.

Асхананың да жұмысы зерделеніп, балаларға ұсынылатын күнделікті ас мәзірінің талаптарға сәйкестігі, тағамдардың сапасы мен құнарлылығы, азық-түліктің сақталу жағдайы және санитариялық нормалардың орындалуы қаралды. Медициналық пункттің дайындығы, алғашқы медициналық көмекті көрсету мүмкіндігі мен балалардың денсаулығына тұрақты бақылау жүргізу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Жұмысшы топ өкілдері жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың денсаулығын сақтау және сапалы демалысын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстардың тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Сонымен қатар, орталық ұжымына қолданыстағы талаптарды қатаң сақтап, балалардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар мен тиісті тапсырмалар берілді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.