Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Атакенттегі оңалту орталығында сырқат балаларға барлық жағдай жасалған

Атакенттегі оңалту орталығында сырқат балаларға барлық жағдай жасалған

25

Қазіргі таңда біздің Тәуелсіз еліміздің алдында айырықша маңызды міндеттер тұр. Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, оны жаңғыртуға баса назар аударылып отыр. Соның ішінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандарға мемлекет тарапынан жәрдем беруге ерекше көңіл бөлініп келеді.

 Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында қиындыққа тап болған мүмкіндігі шектеулі ешқашан да көмексіз қалмауы керек, әсіресе, туа бітті дімкәс, сирек ауруға  шалдыққан балаларға мемлекет тарапынан көмек көрсетуді күшейтуіміз керек. Себебі, көптеген отбасылар  сырқат  баласының емделу ақысын төлей алмайды,  оларды үйде өз бетінше  емдеуге  шамасы жоқ, оғанмүмкіндігі  келмейді. Сондықтан  мүмкіндігі  шектеулі балаларды қолдау  шараларын  басты назарда  ұстайық деп  үнемі айтып келеді. Мемлекетіміздің  осынау жанашырлығы  мен қолдауының  арқасында  біздің Мақтаарал  ауданында  да әлеуметтік  қызметкемұқтаж  мүгедек  балалардың  денсаулығын жақсарту  мақсатында  оңалту орталықтары  жұмыс істеп келеді. Соның бірі  – аудан орталығы Мырзакентте, екіншісі  Атакентте  орналасқан. Біз жақында осы Атакент кентіндегі «Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекетік мекемесінің «Мақтаарал мүгедек балаларды оңалту орталығы» КММ барып, әлеуметтік қолдау бойынша  атқарылып жатқан  жұмыстармен таныстық. Бұл коммуналдық  мемлекетік мекемеге 2025 жылдың қаңтарынан бері тәжірибелі, білікті маман, заңгер Мұхтар Дүйсебекұлы Әжіқабылов басшылық жасапкеледі екен.

2014 жылдан бері жұмыс істепкеле жатқан  оңалту орталығының басты міндеті  1,5-18 жас аралығындағы  психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі балаларды  қоғамға бейімдеп, денсаулықтарын түзетуіне, толыққанды өмір сүрулеріне жағдай жасау болып табылады,-деп әңгімесін бастаған М.Дүйсебайұлы мұнда негізінен  жартылай стационарлық  жағдайда әлеуметтік  қызмет көрсетілетінін атап айтты. Оңалтудың жеке бағдарламасына  сәйкес, балалар мұнда  күндіз қатынайды, үйлерінен әкеліп, қайта жеткізуге арнайы жайлы  көлік бөлінген. «Оңалту  орталығы» таңғы сағат 9.00-ден, кешкі 18.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

– Мұхтар Дүйсебайұлы, мүгедектігі бар балаларға қандай мамандар қызмет  көрсетеді  және әлеуметтік қызметтің басты бағыттары  туралы айтсаңыз.

– «Оңалту орталығында» төрт топ бар. Денсаулығы күрделі балалар оқшауланып, оларға бөлек қызмет көрсетіледі. Мүгедектігі бар балаларға  логопед пен психолог мамандар, дефектолог мұғалім, емдік дене шынықтыру жөніндегі  нұсқаушы, дене шынықтыру мұғалімі,  еңбек терапиясы  жөніндегі  нұсқаушы, массаж жасау жөніндегі мейірбике пен неврапатолог, реабилиатолог,  педиатор, психиатор, травматолог-ортопед дәрігерлер, тәрбиешілер барлығы 34 әлеуметтік қызметтер көрсетіп келеді.  Сонымен қатар, балаларға сегіз бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер – әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық және де бос уақытты ұйымдастыруға, әлеуметтік-мәдени іс-шаралар жүргізуге бағытталған әлеуметтік-мәдени қызметтер, бұдан бөлек балалардың өмір сүру деңгейін қолдауға және жақсартуға бағытталған әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-еңбек қызметтері бойынша да түрлі қолдаулар көрсетіледі.

Әрбір маман баланың жеке  ерекшелігін  ескере отырып, арнайы  бағдарлама бойынша жұмыс жүргізеді. Бұл тәсіл балалардың дамуындағы кемшіліктерді түзетуге және олардың  қабілетін барынша  ашуға мүмкіндік береді.  Осы уақыт аралығында балалар емдік жаттығуларға қатысып, массаж қабылдап, сөйлеу және психологиялық даму бағытында арнайы сабақтар алады. Сонымен қатар, мәдени және танымдық іс-шаралар арқылы олардың ой-өрісі кеңейіп, әлеуметтік ортаға бейімделуі артады.

Орталыққа тіек-қимыл жүйесінде ақауы бар, психоневрологиялық ауруларға шалдыққан, аутизм спектріндегі және өзге де даму ерекшеліктері бар балалар қабылданады. Барлық қызмет түрлері тегін ұйымдастырылып, қауіпсіз әрі  қолайлы  ортады жүзеге асырылады. Айта кету крек, мұндай жобалар ата-аналарға үлкен қолдау көрсетіп қана қоймай, балалардың болашағына деген сенімін нығайтады.  Жалпы алғанда, бұл шағын оңалту орталығы – ерекше балалардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Ол балалардың денсаулығын жақсартып, олардың қоғамның белсенді мүшесі болып қалыптасуына жол ашады.

– Мүгедектігі бар балаларды оңалту орталығына қабылдау ережесі қандай?

– Денсаулығында туабітті кінәраты бар баланы невропатолог дәрігерлер тексеріп, нақты диагноз қояды. Тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық ауруы бар балаға диагноз қойылған соң, емдеу шараларын да дәрігер тағайындайды. Диагнозы анықталған соң, көкқағаз бен Ипер парағы беріледі. Иперде жартылай  станционарда емделу керек деп жазылуы тиіс. Оңалтуға қызмет алушы келу үшін ауруханадан дәрігерлердің толық кеңесінен өтіп, сыналар тапсырады. Сосын «Халыққа қызмет көрсету орталығына» барып, баланың ата-анасы яғни сол құжатты тапсырады. Одан бөлек – баланың ата-анасының (немесе қамқоршысының) жеке куәлігі, баланың туу туралы куәлігі, «Көк қағазы», Ипер мен медициналық картасы қажет. «Халыққа қызмет көрсету орталығы» арқылы берілген өтініш, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жіберіледі.

Бала оңалту орталығына алғаш рет  қабылданып жатса, жұмыспен қамту мекемесі құжатты әкімшілікке жолдайды. Мұнда қаулы шыққан соң  жұмыспен қамту мекемесі жолдама береді. Жолдама уақыты 6 ай мерзімге жарайды. Ал бала екінші рет қайта оңалтуға келіп жатса, әкімшіліктің   қаулысы үш жылға жарамды болып табылады. Қайта қызмет алушы 6 ай уақыты бітіп жатса, құжаттарын қайтадан «Жұмыспен қамту орталығына» тапсырады. Жолдама үш жұмыс күні ішінде жазылып, қайтадан баланы қабылдай береміз. Жолдама шыққан соң қызмет алушы «Оңалту орталығына» қабылданып, бірінші  қабылданған бала болса 10 күн бақылауға алынады. Екінші рет қызмет алуға келіп жатса 2 күн бақылауға алынып әрі қарай қызметін жалғастырады.

2014 жылы құрылып, жұмыс істей бастаған бұл оңалту орталығы облыс әкімдігі мен облыстық жұмыспен қамту  жәнеәлеуметтік  бағдарламалар басқармасына  бағынысты болып келген. 2025 жылға  дейін аталмыш мекеме Атакент кентіндегі Ташкент көшесі, №45 үйде орналасып, жұмыс жүргізіп келген. Жасыратыны жоқ, мекеме жалға алған ғимарат өте тар, кабинеттері, балалардың демалатын бөлмелері талапқа сай болмаған. Облыстық бағыныста болып келген мекеме 2024 жылы 27 желтоқсаннан бастап Мақтаарал ауданы әкімдігі мен «Мақтаарал ауданы жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламалар  бөліміне» ауыстырылып, қайта жұмысын  бастаған. Мұнда жаңа басшы тағайындалып, мекемеге лицензия алатын кезде стандартқа сәйкес заманауи ғимарат  болуы тиіс деген қатаң талап  қойылған. Атакент кентінен қолайлы  жай табу  оңай болмаған. Көп ізденістен соң қазіргі —————- көшесі №— үйдегі ғимарат талапқа сай болып шықты. Расында, екі қабатты ғимараттың бөлмелері кең, жарық, жеке залы, кабинеттері бар, осы мекемені аралап көргенімізде көңіліміз толды. Ғимарат қайта жөндеуден өтіп, жаңартылған екен. Ауласы да кең, айналасын жасыл желек көмкерген, шағын үйіргелік учаскеде мекеме қызметкерлері қызанақ егіп қойған. Жазда дәрумені мол көкөністі балалар тамағына  пайдаланбақ ниетте.

Әрбір кабинеттегі балалардың ем алу жағдайыменде таныстық. Мәселен, физио-массажшы Нұрлыгүл Сламбекова көп жылдықтәжірибесі бар білікті маман екен. Ол осында 2014 жылдан бері жұмыс істейді. «Уқалап емдеу, массаж терапиясы тірек қимылы бұзылған және жүйке ауруымен ауыратын балалар үшін өте қажет. Бұл емдік шара ДЦП, психоневрологиялық ауруы бар балаларға тек неврапатолог дәрігердің тағайындаумен орындалады. Массаж баланың психологиялық дамуын, қан айналысын жақсартып, зат алмасу процесін реттейді»,-деді Н.Сламбекова.

– Біздің ұжымда өз ісінің білікті мамандары аз емес. Психолог Анна Алексеевна Григорьева, логопед Таңшолпан Атакулова, денешынықтыру емін жасайтын Жансая Бекжігітова, дефектолог Индира Исаева, еңбек терапиясы нұсқаушысы Зәуре Кауменова, тәрбиешілер – Кенжегүл Айнамкулова, Оразкүл Урбаевалар көп жылдық тәжірибесі бар білікті мамандар. Балалар тағамын дәмді етіп әзірлейтін  аспазшы Тәттіқыз Сахова, ыдыс жуушы Сәуле Сабденова, палата тазалақшысы Полат Айдана, палата санитары Сапаркүл Джумаева, шаруа бикесі Нагима Умирбековалар өз міндетін адал, жауапты атқарады,-деді директордың орынбасары Жамал Файзуллаева.

Туғаннан ақыл-ой, сөйлеу, қозғалыс дағдысы төмен  балалардың денсаулығын түзету үшін әрекет етіп, тынымсыз еңбек  етіп жүрген ұжым қызметкерлерінің ынтымағы күшті, ауызбіршілігі мықты. Әрбір мүгедек баламен жеке жұмыс істеу, оларға мейірім шуағын төгіп, аялап, анасындай қамқор болу үлкен адами қасиет пен жауапкершілікті талап етеді. Біз осы сауапты істі адал атқаруды басты парызымыз деп білеміз»-деді мекеме басшысы М.Әжіқабылов.

Иә, ізгілікті, игі істеріңізбен алғысқа  бөлене беріңіздер, еңбектеріңіз жанып балалардың саулығы жақсара берсін деген тілекпен қоштастық.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.