Мақтаарал ауданында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының маңызын кеңінен насихаттау, оның қоғамдағы рөлі мен құқықтық негіздерін түсіндіру мақсатында «Бірлік – басты құндылық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұловтың төрағалығымен өткен іс-шараға ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Тұрсынханов, аудандағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен қоғам белсенділері қатысты.
Басқосу барысында Конституцияның қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, заң үстемдігін орнықтырудағы орны жан-жақты сөз болды.
Жиында сөз сөйлеген Мақтаарал ауданы тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Шерзод Елов Ата Заңның елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы маңызына тоқталып, Қазақстандағы барлық этнос өкілінің құқықтары мен мүмкіндіктерінің тең қамтамасыз етілуі Конституцияның басты қағидаттарының бірі екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында ауданда жұмыс істейтін этномәдени орталықтардың төрағалары өз пікірлерімен бөлісіп, Конституцияның қоғамдық келісімді нығайтудағы, этносаралық татулықты сақтаудағы және ел бірлігін бекемдеудегі маңызды рөліне ерекше назар аударды. Қатысушылар Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы елдің тұрақты дамуының негізгі кепілі екенін жеткізді.
Мақтаарал аудандық Халық кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Асқар Елшиев өз сөзінде жаңа Конституцияның әрбір азаматтың құқықтары мен заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететін маңызды құқықтық құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заң мемлекетте жүзеге асырылып жатқан реформалардың берік құқықтық негізін қалыптастырып, еліміздің тұрақты дамуына қызмет етеді.
Жиын барысында түрлі этнос өкілдері Конституцияның Қазақстандағы бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің басты кепілі екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, елдің өсіп-өркендеуіне әрбір азаматтың қосар үлесі маңызды екені айтылып, қоғамдағы өзара сыйластықты, ынтымақ пен бірлікті одан әрі нығайту қажеттігі сөз болды.
Іс-шараны қорытындылаған Мақтаарал ауданы әкімінің аппарат басшысы Нұржан Атақұлов қатысушыларға ризашылығын білдіріп, қоғамдық келісімді сақтау мен ұлттық бірлікті нығайту – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында өткен «Бірлік – басты құндылық» атты дөңгелек үстел жаңа Конституцияның қоғамдағы орны мен маңызын кеңінен насихаттап қана қоймай, түрлі этнос өкілдерінің өзара пікір алмасуына мүмкіндік берген маңызды диалог алаңына айналды. Қатысушылар Ата Заң – елдегі тұрақтылықтың, қоғамдық келісімнің және барша қазақстандықтың ортақ құндылығы екенін бірауыздан жеткізді.










