Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Аудан әкімінің орынбасары мердігерден құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды талап етті

Аудан әкімінің орынбасары мердігерден құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды талап етті

194

Бүгін Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков Мырзакент кентіндегі №1 «Мырзакент» мектеп-гимназиясында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігер мекеме өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары құрылыс алаңын толық аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын бақылап, анықталған бірқатар кемшіліктер мен өзекті мәселелерді мердігер мекеме өкілдеріне көрсетті. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеге сәйкес, жоғары сапамен әрі уақытылы аяқталуы қажеттігін қатаң тапсырды.

«Білім беру нысандарының сапалы әрі қауіпсіз болуы – басты талаптардың бірі. Сондықтан, жөндеу жұмыстарының әр кезеңі құрылыс талаптары мен стандарттарына толық сәйкес орындалуы тиіс. Жұмыстарды созбалаңға салмай, белгіленген мерзімде аяқтап, мектеп ұжымына және оқушыларға қолайлы жағдай жасау қажет» – деді, Бижан Шералыұлы.

№1 «Мырзакент» мектеп-гимназиясының ғимараты 1985 жылы пайдалануға берілген. Білім ордасының жобалық қуаттылығы 1176 оқушы орнына есептелген. Көп жылдан бері пайдаланылып келе жатқан ғимаратты жаңғырту мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары былтыр қолға алынған.

Нысандағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша мердігер мекеме ретінде «Construction Group SAMRUK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған. Тараптар арасында 2025 жылғы 30 қаңтарда №31 келісімшарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтау мерзімі 2026 жылғы 1 тамыз болып белгіленген.

Жоба аясында 2025 жылы ғимараттың ішкі бөлігіндегі барлық жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ал, биыл құрылыс жұмыстарының сыртқы кезеңі жалғасып, 2026 жылғы 1 маусымнан бастап негізгі жұмыстар қайта қарқын алды.

Қазіргі таңда мектеп ғимаратының сыртқы қабырғаларын металлосайдингпен қаптау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстардың орындалу деңгейі 35 пайызды құрайды. Сонымен қатар, шатырды толық жаңарту мақсатында ағаш қаңқасын (стропильдік жүйесін) орнату және бекіту жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, жоба аясында мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Жоспарға сәйкес, мектеп аумағын ретке келтіру, инфрақұрылымды жақсарту және мектептің сыртқы келбетін заманауи талаптарға сай жаңарту көзделген.

Айта кетейік, аудан әкімдігі тарапынан құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу мерзімі тұрақты бақылауда ұсталады. Нысанның белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі үшін жауапты мекемелер мен мердігер ұйымға нақты міндеттер жүктеліп, жұмыс барысына жүйелі мониторинг жүргізілуде. Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мектепте білім алушылар мен педагогтер үшін қауіпсіз, жайлы және заман талабына сай білім беру ортасы қалыптасып, оқу процесінің сапасын арттыруға қолайлы жағдай жасалатын болады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.