Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда Конституцияның күшіне енуі мен Астана күніне арналған салтанатты жиын өтті

Мақтааралда Конституцияның күшіне енуі мен Астана күніне арналған салтанатты жиын өтті

82

Мақтаарал аудандық мәдениет үйінде 1 шілде – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі және 6 шілде – Астана күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Елдік маңызы зор қос мерекеге арналған іс-шараға аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер, жастар және мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков көпшілікті қос мерекемен құттықтап, бұл күндердің ел тарихындағы және мемлекет дамуындағы маңызына кеңінен тоқталды. Өз сөзінде ол Астананың тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі екенін атап өтті.

«Астана – бүгінде еліміздің саяси, экономикалық, ғылыми, мәдени және рухани орталығы. Мұнда мемлекетіміздің стратегиялық шешімдері қабылданып, халықаралық деңгейдегі маңызды кездесулер мен форумдар өткізіліп келеді. Бас қаламыз тек сәнді ғимараттар мен көркем сәулеттің ғана емес, халқымыздың биік арманының, қажырлы еңбегінің, бірлігі мен жасампаз рухының көрінісі. Сондықтан, Астананың әрбір жетістігі – бүкіл Қазақстан халқының ортақ жеңісі», – деді, Бижан Шералыұлы. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының тарихи маңызына ерекше назар аударды.

Оның айтуынша, жаңа Конституция – мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласын реттейтін негізгі құқықтық құжат. Ол кең ауқымды қоғамдық талқылаулар мен сараптамалық жұмыстардың нәтижесінде қабылданып, еліміздің құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды реформалардың негізін қалады.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Конституция деңгейінде қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы бекітілді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілдіктері едәуір кеңейтіліп, азаматтардың цифрлық құқықтары айқындалды. Сондай-ақ, ұсталған сәттен бастап заң көмегін алу құқығы конституциялық деңгейде бекітілді. Конституция саяси көзқарасына, әлеуметтік жағдайына, ұлтына және өзге де ерекшеліктеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына ортақ құқықтық кепілдіктерді нығайтып, әділетті әрі құқық үстемдігіне негізделген қоғам қалыптастыруға бағытталған», – деді ол.

Жиын барысында қатысушылар елдің тұрақты дамуы, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту жолындағы Конституцияның ерекше рөлі туралы пікір алмасты.

Мерекелік іс-шараның соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Көрермендерге Отанға деген сүйіспеншілік, ел бірлігі, туған жер мен тәуелсіздікті дәріптейтін патриоттық әндер ұсынылып, ұлттық рухты көтеретін әсерлі музыкалық шығармалар орындалды. Өнер иелерінің орындауындағы әндер көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік кештің мазмұнын айшықтай түсті.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.