Skip to content
Басты бет / Ауыл шаруашылығы / Мақтааралдағы «Целинный», «Сырдария» шекара өткізу бекеттері тәулік бойы жұмыс істейтін болады

Мақтааралдағы «Целинный», «Сырдария» шекара өткізу бекеттері тәулік бойы жұмыс істейтін болады

133

Қазақстан Республикасы Парламентінде «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды. Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Целинный», «Сырдария» шекара өткізу бекеттерінің мәртебесі «екіжақтыдан» «халықаралық (көпжақты)» деңгейге ауыстырылып, олардың жұмыс тәртібі күндізгі уақыттан тәулік бойғы режімге көшіріледі.

Қабылданатын өзгерістердің тағы бір маңызды тұсы – «Целинный» өткізу пункті арқылы енді ауыр жүк көліктерінің де жүруіне мүмкіндік беріледі. Бұл шешім шекарадағы жүк тасымалының көлемін арттырып, халықаралық сауда байланысын жандандыруға ықпал етеді.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, бұл өзгерістер өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттырып, жолаушылар мен жүк көліктерінің қозғалысын жеделдетуге, азаматтарға қолайлы жағдай жасауға және екі ел арасындағы көлік-транзиттік байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Өткен жылдың өзінде аталған өткізу бекеттері арқылы 920 мыңнан астам адам мен 85 мың көлік өткен. Тәулік бойы жұмыс істеу режімінің енгізілуі нәтижесінде шекарада күту уақыты едәуір қысқарып, жолаушылар мен кәсіпкерлердің уақыт шығыны азаяды. Сонымен қатар, жүк тасымалының үздіксіз жүруіне жағдай жасалып, халықаралық логистикалық бағыттардың тиімділігі артады.

Бұл бастама шекарамен шектесетін Түркістан облысы, оның ішінде Мақтаарал ауданы үшін ерекше маңызға ие. Географиялық орналасуы жағынан Мақтаарал ауданы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстың маңызды торабы саналады. Сондықтан, шекаралық өткізу бекеттерінің халықаралық мәртебеге ие болып, тәулік бойы жұмыс істеуі аудан экономикасына оң серпін береді.

Ең алдымен, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мен импорттау үдерісі жеделдейді. Сонымен қатар, аудандағы кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, логистикалық қызмет көрсету, қоймалау, көтерме сауда, көлік қызметі және сервистік инфрақұрылым салаларының дамуына серпін беріліп, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптасады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың жұмыспен қамтылу деңгейінің артуына әсер етеді.

Шекаралық қозғалыстың жеңілдеуі ішкі және сыртқы туризмнің дамуына да оң ықпалын тигізеді. Екі ел азаматтарының өзара қатынасы жанданып, қызмет көрсету саласы, қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану орындары мен шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі де кеңейе түспек.

Бұдан бөлек, көлік ағынының артуы ауданның инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Өңірдің транзиттік әлеуеті артып, халықаралық көлік дәліздерімен ықпалдастығы нығая түседі. Осылайша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өткізу пункттерінің жұмыс режімін тәулік бойына ауыстыру және халықаралық мәртебеге көтеру тек шекарадан өтуді жеңілдетіп қана қоймай, Мақтаарал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды шешім болмақ.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.