Маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде дәстүрлі түрде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілетіні белгілі. Осы айтулы күнге орай бүгін аудандық мәдениет үйінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, ақ халатты абзал жандарға ерекше құрмет көрсетілді.
Шараға аудандық денсаулық сақтау саласының мамандары, дәрігерлер, орта және кіші буын медицина қызметкерлері, сондай-ақ сала ардагерлері қатысты.
Мерекелік жиын барысында «Мырзакент» аудандық ауруханасының бас дәрігері Мұқан Тұрсынханов құттықтау сөз сөйлеп, денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген мамандарға алғысын білдірді.
«Сіздер күн сайын адам өмірі үшін күресіп, ең қымбат байлық – денсаулықты сақтау жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен адамгершілік қасиеттеріңіз – ел игілігі үшін жасалып жатқан үлкен қызмет. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін!» – деді, бас дәрігер.
Іс-шара барысында денсаулық сақтау саласында белсенді еңбегімен көзге түсіп жүрген бірқатар дәрігерлер мен медицина қызметкерлері аурухана тарапынан алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, оларға арнайы сый-сияпаттар табысталып, еңбектері жоғары бағаланды.
Мерекелік кештің әсерлі өтуіне аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары да өз үлесін қосты. Олар әсем әндер орындап, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш барысында дәрігерлерге арналған музыкалық шашу ұсынылып, залда мерекелік атмосфера орнады.
Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, мұндай игі бастамалар медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалауға және олардың рухын көтеруге зор серпін беретінін атап өтті.





