Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын өтті

Мақтааралда мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын өтті

128

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Мақтаарал аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби мерекесіне арналған іс-шараға Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, аудандық мәслихат депутаттары, ардагер мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты.

Мерекелік жиынды аудан әкімі Бақыт Насырханұлы ашып, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел дамуы жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.

Өз сөзінде аудан басшысы мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, Мемлекет басшысы айқындаған реформаларды жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілердің рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы айқындап берген реформаларды жүзеге асыруда, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етуде, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламалар мен жобаларды іске асыруда мемлекеттік қызметшілердің еңбегі ерекше. Әрбір қабылданған шешім мен атқарылған жұмыс тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан да, мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету, азаматтардың сенімін нығайту және еліміздің тұрақты дамуына үлес қосу» – деді, Бақыт Насырханұлы.

Салтанатты жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарып жүрген бірқатар мемлекеттік қызметшілер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапат иелеріне олардың адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін алғыс айтылып, алдағы қызметтеріне табыс тілінді.

Іс-шара барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев пен мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қасымбек Хаметов те құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен мәртебесіне тоқталды. Сондай-ақ, олар өз тараптарынан бірқатар азаматтарды марапаттап, игі тілектерін жеткізді.

Мерекелік жиынның ресми бөлігінен кейін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әндер мен ұлттық өнер үлгілері көпшілік тарапынан жылы қабылданды.

Айта кету керек, бүгінде Мақтаарал ауданында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсуі, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы, елді мекендердің көркейіп, тұрғындардың өмір сүру сапасының артуы – мемлекеттік қызметшілердің жүйелі әрі нәтижелі жұмысының нақты көрінісі. Ауданның әрбір жетістігінің артында ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өз ісіне адал әрі білікті мамандардың қажырлы еңбегі жатыр.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.