Skip to content
Басты бет / Басты жаңалық / Мақтаарал ауданында 4 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Мақтаарал ауданында 4 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

156

Мақтаарал ауданында білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсарту және оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында бірқатар мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, өткен жылы бастау алған төрт білім ордасындағы күрделі жөндеу жұмыстары бүгінгі таңда жоспарға сәйкес жалғасуда.

Қазіргі таңда «Мырзакент» мектеп-гимназиясы, «Мақтаарал» мектеп-гимназиясы, О.Бапышев атындағы жалпы орта мектебі және «Жаңа жол» жалпы орта мектебінде құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысандарда ғимараттардың сыртқы қабырғаларын заманауи металосайдингпен қаптау, шатыр және қасбеттік бөліктерін ретке келтіру, сондай-ақ мектеп аулаларын абаттандыру жұмыстары атқарылып жатыр.

Кеше аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков аталған құрылыс нысандарын арнайы аралап, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жұмыс сапасы мен құрылыс қарқынын бақылаған аудан әкімінің орынбасары мердігер мекемелердің өкілдерімен кездесу өткізіп, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Кездесу барысында құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылып, барлық жұмыстардың құрылыс талаптары мен техникалық нормаларға сәйкес орындалуы қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, мердігерлерге нысандарды белгіленген мерзімде аяқтап, пайдалануға сапалы түрде тапсыру міндеті жүктелді.

«Білім беру ұйымдарының жай-күйі мен оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуы – басты назардағы мәселелердің бірі. Сондықтан, әрбір құрылыс жұмысы сапалы орындалып, белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс» – деді, аудан әкімінің орынбасары.

Айта кету керек, Мақтаарал ауданында биыл білім беру нысандарын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде төрт мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатса, тоғыз мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартуға, оқу процесінің сапасын арттыруға және оқушылар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Аудан басшылығы тарапынан барлық құрылыс нысандарындағы жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуы тұрақты бақылауда болады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.