Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ аумақтық мекеме басшылары қатысты.
Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер жан-жақты қаралды.
Күн тәртібінде 2026 жылдың алғашқы бес айындағы мемлекеттік бюджет қаражатының игерілуі және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің бірінші жартыжылдықтағы орындалу барысы талқыланды.
Бұл бағытта ауданның экономика және қаржы бөлімі тарапынан атқарылған жұмыстар мен алдағы алты айға арналған болжамдар ұсынылып, негізгі көрсеткіштердің орындалу деңгейі сараланды. Бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты игеру, жоспарлы индикаторларды уақтылы орындау мәселелері назарға алынды.
Мәжілісте мемлекеттің мұқтаждығы үшін жер учаскелерін қайтару жұмыстарының барысы да пысықталды. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан іс-шаралар мен туындаған мәселелер жөнінде жауапты ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы баяндама жасап, процесті жеделдету және құқықтық тетіктерді тиімді пайдалану қажеттігі атап өтті.
Мәжілісте су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. 2026 жылға арналған жоспардың орындалу барысы талқыланып, ауыл шаруашылығы саласында су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи технологияларды кеңінен енгізу арқылы өнімділікті арттыру міндеттері көтерілді. Аталған бағыт бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңдегі нақты қадамдар баяндалды.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласындағы егіс құрылымының орындалуы және егілген дақылдардың қазіргі жағдайы да сөз болды. Егістік алқаптарында агротехникалық шараларды сапалы жүргізу және жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Мәжіліс қорытындысында аудан басшысы Бақыт Насырханұлы жауапты сала басшылары мен әкімдерге мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстап, барлық жоспарлы көрсеткіштердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.






