2026 жылғы 11 маусым күні Мақтаарал ауданы әкімінің аппараты басшысы Нұржан Жақсылықұлы Атақұловтың төрағалығымен 2025 жылғы әкімшілік сот практикасына жүргізілген талдау нәтижелері және «АРМ ЕКГН» дерекқорын пайдалану барысында заңнама талаптарының бұзылуының алдын алу, құқық қолдану практикасын жетілдіру мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізілді.
Жиынға кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, аудандық дербес бөлімдердің басшылары, әкім көмекшілері, заңгерлер және салалық бағыттарға жауапты мамандар қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – 2025 жылғы әкімшілік сот практикасына жүргізілген талдау нәтижелерін зерделеу, мемлекеттік органдар қызметінде кездесетін заң бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ «АРМ ЕКГН» ақпараттық жүйесін пайдалану кезінде құқықтық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету болды.
Күн тәртібінде екі өзекті мәселе қаралды. Атап айтқанда, әкімшілік соттарда қаралған істер бойынша анықталған құқық қолдану тәжірибесіндегі кемшіліктер мен оларды болдырмау жолдары талқыланса, екінші мәселе ретінде жер қатынастары саласындағы өтініш берушілердің дербес мәліметтерін «АРМ ЕКГН» дерекқорына толық әрі дұрыс енгізу мәселелері қарастырылды.
Жиында аудан әкімдігі аппаратының заң бөлімі, ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингі бөлімі, Атакент кенті әкімінің аппараты, ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі, сондай-ақ жер қатынастары бөлімі өкілдері баяндама жасап, өз салалары бойынша туындап отырған мәселелерге тоқталды. Спикерлер әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама талаптарын сақтау, әкімшілік актілердің заңдылығын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жетілдіру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар, «АРМ ЕКГН» жүйесі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, ақпараттық жүйеге енгізілетін мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз ету және техникалық әрі құқықтық сипаттағы қателіктердің алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында қатысушылар пікір алмасып, құқық қолдану тәжірибесін жетілдірудің тиімді тетіктері жөнінде ұсыныстар білдірді. Мемлекеттік қызмет көрсету барысында заң талаптарын қатаң сақтау, құжаттарды рәсімдеу сапасын арттыру және азаматтардың өтініштерін қарау кезінде жауапкершілікті күшейту қажеттігі ерекше атап өтілді.
Семинар-кеңес қорытындысында аудан әкімінің аппараты басшысы Нұржан Жақсылықұлы Атақұлов сот практикасын талдау барысында анықталған кемшіліктердің алдын алу, әкімшілік рәсімдерді заң талаптарына сәйкес жүргізу және «АРМ ЕКГН» жүйесімен жұмыстың тиімділігін арттыру бағытында жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып, аталған бағыттар бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.










