Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Ел рәміздері — еркіндік нышаны» атты мерекелік концерт өтті

Мақтааралда мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Ел рәміздері — еркіндік нышаны» атты мерекелік концерт өтті

64

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мақтаарал ауданында «Ел рәміздері – еркіндік нышаны» атты салтанатты мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Тағылымды іс-шараның мақсаты – мемлекеттік рәміздердің маңызын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, елдік құндылықтарды дәріптеу және ұлттық рухты нығайту болды.

Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, көк байрағымыз салтанатты түрде көтерілді. Бұл сәт жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлап, туған елге деген мақтаныш сезімін арттырды.

Іс-шара барысында мемлекеттік рәміздердің тәуелсіз Қазақстанның басты нышандары екендігі ерекше атап өтілді. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың тарихы мен тағдырын, бірлігі мен тұтастығын, тәуелсіздігі мен жарқын болашағын бейнелейтін қасиетті құндылықтар екені айтылды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Мақтаарал ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрбол Саттаров аудан тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, рәміздерге құрмет көрсету әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы екенін атап өтті. Сонымен қатар, ел бірлігі мен татулығын сақтау, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Мерекелік концерт барысында аудан өнерпаздары көрермендерге патриоттық әндерден шашу шашты. Атап айтқанда, Каландаровтар дуэті орындаған «Менің Отаным» әні көпшіліктің ыстық ықыласына бөленсе, С.Тұңғатарованың орындауындағы «Текті қазақ» шығармасы ұлттық рухты асқақтатты. Сонымен қатар, А.Зұлпыхарова орындаған «Қазақия» әні мен Ж.Тағаевтың орындауындағы «Қазақтың бәрі туысқан» әні көрермендердің ерекше қолдауына ие болды.

Концерттің шарықтау шегі ретінде еліміздің патриоттық әндерінің біріне айналған «Көк тудың желбірегені» әні орындалды. Ән шырқалып жатқан сәтте Мемлекеттік Ту салтанатты түрде сахна төріне шығарылып, көрермендер көк байраққа құрмет көрсетіп, ерекше әсерге бөленді. Бұл көрініс ел тәуелсіздігі мен ұлттық бірліктің символына айналған мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Мерекелік шара барысында жүргізушілер мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызына тоқталып, олардың халқымыздың азаттық жолындағы арман-мұраттарының көрінісі екенін атап өтті. Әсіресе, мемлекеттік рәміздердің елдің халықаралық беделін қалыптастырудағы, ұлттың рухани тұтастығын нығайтудағы рөлі кеңінен насихатталды.

Іс-шара соңында жиналған қауым тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, Елтаңбасы елдігіміздің белгісі болып, Әнұраны халқымыздың жүрегінде мәңгі жаңғыра беруіне тілектестік білдірді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.