4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мақтаарал ауданында «Көк Тумен Бірге» жалпы халықтық таңғы жаттығу іс-шарасы ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің бастамасымен өткен бұқаралық спорттық шараға ауданның 500-ге жуық тұрғыны қатысып, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен салауатты өмір салтын ұстанудың жарқын үлгісін көрсетті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының маңызын дәріптеу, тұрғындардың патриоттық сезімін арттыру, сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Таңғы жаттығу барысында қатысушылар Мемлекеттік Тудың астында бір сапқа тұрып, ортақ жаттығулар орындады. Бұл шара ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталды.
Жалпы халықтық жаттығуды тәжірибелі нұсқаушы жүргізіп, қатысушылар бірнеше минут бойы сергіту жаттығуларын орындады. Жаттығуға жастар, спортшылар, мемлекеттік қызметкерлер және аудан тұрғындары белсенді қатысты.
Шара барысында Мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігін айшықтайтын басты құндылықтар екендігі атап өтілді. Көк Туымыздың астында өткен таңғы жаттығу тұрғындардың бойында отансүйгіштік рухты күшейтіп, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға ықпал етті.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, қатысушылар елдің тұтастығы мен жарқын болашағына деген сенімдерін білдірді.
Айта кетейік, мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройының белгісі. Сондықтан, олардың мәртебесін көтеру, жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.











