Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев, «Global Biotech» ЖШС басшысы Талғат Қыдырбаев, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл жергілікті шаруа қожалық басшыларымен кездесу жиынын өткізді.
Мәжілістің күн тәртібінде өңірдегі егіс жұмыстарының тиімділігін арттыру, тыңайтқыштардың қолжетімділігі мен мақта шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері қаралды.
Мәжілісте өңірдің басты дақылы саналатын мақта шаруашылығын дамытудың басым бағыттары жан-жақты сөз болды. Әсіресе, биылғы көктемгі ерекше мол жауын-шашыннан кейін мақта алқаптарын күтіп-баптаудың ғылыми және практикалық әдістеріне баса назар аударылды. Мамандар жауын-шашыннан кейін топырақ бетінде пайда болатын қатқақпен күресу, арамшөптерді уақытылы жою және өсімдікті қосымша қоректендіру ерекшеліктері туралы маңызды ұсыныстар мен кеңестерін бөлісті.
Жиын барысында отандық органикалық тыңайтқыштардың мақта дақылының өсіп-өнуіне және өнімділігіне тигізетін оң әсері туралы баяндама жасалды. Сонымен қатар, басқосуда өңірді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселесі сұрақ-жауап форматында қызу талқыланды.
Сала мамандарының мәліметінше, жыл сайын мемлекет тарапынан тыңайтқыш құнын субсидиялау арқылы қолдау шаралары тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл агротехнологиялық талаптарды сақтап, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді. Дегенмен, ағымдағы жылы импорттық тыңайтқыштар нарығында геосаяси жағдайлар, логистикалық тұрақсыздықтар мен қосылған құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға өсуіне байланысты сырттан келетін өнім бағасы 40-50%-ға дейін қымбаттаған.
Соның салдарынан Ресей мен Өзбекстаннан жеткізілетін тыңайтқыштар көлемі айтарлықтай төмендеп, әсіресе аммиак селитрасы бойынша тапшылық сезілуде. Ал, отандық жалғыз өндіруші «ҚазАзот» АҚ-ның өндірістік қуаттылығы шектеулі болғандықтан, республика бойынша сұраныстың тек 23,5%-ын ғана жауып отыр.
Қалыптасқан жағдайда шаруаларға түсетін қаржылық жүктемені азайту үшін облыстық деңгейде қосымша қолдау шаралары қарастырылуда. Атап айтқанда, импорттық өнім бағасының өсуіне байланысты субсидиялауға бөлінген қаржының жеткіліксіздігін жою мақсатында, алдын ала есептеулер бойынша қосымша 20 мың тонна тыңайтқыш көлемін субсидиялау үшін бюджеттен 1,77 млрд теңге бөлу ұсынылып отыр. Бұл шара мақтааралдық диқандардың да агротехникалық іс-шараларды уақытылы және толық орындауына мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті сала басшыларына шаруаларды қажетті өніммен қамтамасыз ету және субсидиялау тетіктерін тиімді үйлестіру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.









