Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Генерал-майор Е.Балғабаев мақтааралдық мемлекеттік қызметшілерге заң мен әдеп қағидаларын қатаң сақтауға шақырды

Генерал-майор Е.Балғабаев мақтааралдық мемлекеттік қызметшілерге заң мен әдеп қағидаларын қатаң сақтауға шақырды

109

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің генерал-майоры Ерболат Балғабаев Мақтаарал ауданындағы жұмыс сапары барысында мемлекеттік қызметшілермен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қаржы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту және мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын сақтау жауапкершілігі мәселелері сөз болды.

Ерболат Темірболатұлы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі қаржылық тәртіп пен заңдылықтың сақталуына тікелей байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар, көлеңкелі экономикамен күрес, заңсыз қаржылық операциялардың жолын кесу, қаржы пирамидалары мен цифрлық алаяқтықтың қоғамға тигізетін зияны жөнінде кеңінен тоқталды.

Жиын барысында департамент басшысы өзінің өмірлік және қызметтік тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттік қызметшілерге Отанға адал қызмет етудің маңызын ерекше атап өтті. Ол мемлекеттік қызмет иелерін тәртіпті болуға, жауапкершілікті жоғары сезінуге, заң мен әдеп қағидаларын қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ, жастар мен қоғамға теріс әсер ететін зиянды әдеттерден аулақ болып, адалдық пен парасаттылықты басты құндылық ретінде ұстану қажеттігін айтты.

Бүгінде ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты алаяқтық әрекеттердің жаңа түрлері көбейіп отырғанын айтқан Ерболат Балғабаев қаржылық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына тоқталды. Ол күмәнді қаржылық ұсыныстарға сақтықпен қарауға және тұрғындар арасында түсіндіру, насихат жұмыстарын күшейтуге шақырды.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, экономикалық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.

Іс-сапар аясында Ерболат Балғабаев аудан тұрғындары мен мемлекеттік қызметшілерге жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Көтерілген мәселелер бойынша заң аясында түсіндірмелер беріліп, бірқатар сұрақтардың шешу жолдары қарастырылды. Тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.