Бүгін, 25 мамыр күні Мақтаарал ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында дәстүрлі «Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Биылғы мереке «Заң мен тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында өтіп, жас түлектердің жүрегіне ерекше әсер сыйлаған тағылымды күнге айналды.
Аудан көлеміндегі негізгі салтанатты іс-шаралардың бірі Мырзакент кентіндегі А.Пушкин атындағы жалпы орта мектебінде өтті. Аталған мерекелік жиынға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов пен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бибінұр Полатова қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ізгі тілектерін арнады.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Серік Тұрсынқұлов соңғы қоңырау – әрбір түлек үшін өмірлік маңызды белес екенін атап өтті.
«Бүгінгі “Заң мен тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары” атты соңғы қоңырау салтанаты – жүрекке толқу, көңілге қуаныш сыйлайтын ерекше күн. Бұл – білім мен тәрбиенің ордасында өткен балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағатын сәт. Мектеп табалдырығын артта қалдырып отырған жас түлектер үшін бүгінгі күн – жаңа белестің бастауы. Осы уақытқа дейін алған білім мен тәлім-тәрбиені ел игілігіне жұмсап, адал еңбек пен әділдікті ту еткен азамат болып қалыптасу – басты міндет. Білім – тек жеке жетістікке жетелейтін құрал ғана емес, ол – Отанға қызмет етудің, халыққа пайда әкелудің асыл жолы» – деді ол.
Мерекелік іс-шара барысында білім саласында табысты еңбек етіп жүрген үздік ұстаздар марапатталып, шәкірттер тарапынан арнау әндер орындалды. Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектер дәстүрлі қоштасу вальсін билеп, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.
Жалпы 2025–2026 оқу жылында Мақтаарал ауданындағы 61 жалпы орта мектепте 29 707 оқушы білім алды. Биыл аудан бойынша 1783 оқушы мектеп бітіріп отыр. Оның ішінде 147 түлек «Алтын белгіге», ал 120 түлек үздік аттестатқа үміткер ретінде тіркелген.
Биылғы оқу жылында білім сапасын бағалауда әділдік пен ашықтыққа ерекше назар аударылды. Аудандық білім бөлімі тарапынан қорытынды аттестаттаудың талапқа сай әрі объективті өтуі басты назарда ұсталып отыр. Бұл ретте ешбір мектепте жасанды көрсеткіш қууға жол берілмейтіні қатаң ескертілген. Өйткені білім сапасының беделі марапат санына емес, оның әділ бағалануына байланысты. Сонымен қатар, ұлттық бірыңғай тестілеуге аудан бойынша 1479 түлек өтініш берген.
Бұл – жалпы 11-сынып бітірушілердің 83 пайызын құрайды. Ал 304 түлек ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірмеген. Мамандардың айтуынша, олардың екінші мүмкіндік аясында тест тапсыруына жағдай қарастырылған.
Айта кетейік, соңғы қоңырау – мектеп қабырғасындағы алтын ұямен қоштасып қана қоймай, жас түлектердің болашаққа қадам басар тарихи сәті. Мақтааралдық жас түлектердің алдағы өмір жолында ел сенімін ақтайтын, білімді де білікті азамат болып қалыптасуына тілектестік білдіреміз.






































