Оның балалық шағы болған жоқ. Батыстан қою да қасіретті қара бұлт бұрқ етіп көрінгенде, ол шыбықты ат етіп мініп ойнап жүрген небәрі бес жастағы бала еді. Туып-өскен Темір ауылындағы ер-азаматтар түгелдей соғысқа аттанды. Бесіктен белі шығып үлгермей жатып, жасөспірімдер ересектермен бірге еңбек майданына араласты. Солардың арасында Жолбарыс Қалшораев та бар еді.
1951 жылы партияның саясатымен Темір ауылы түгелдей тың жерлерді игеру үшін Мырзашөлге көшірілді. Жолбарыс қолына күрек алып канал қазуға келгенде, жасы небәрі он бесте болатын. Қазіргідей техника қайда, жұмыстың барлығы қолмен атқарылатын. Құм аралас қара топырақты құлаштап тұрып екі метрдей биіктікке лақтыру оңай ма? Ол бұл жұмыста да сыр білдірген жоқ. Жалындап тұрған жігерлі жас арада көп уақыт өтпей жүгері өсірушілер бригадасының бригадирі, мұнан соң колхоздың бас агрономы қызметіне көтерілді. Ал, Абай атындағы колхоз мақта өсіруді қолға алғанда өзі сұранып осы шаруашылықты өркендетуге бел байлады. Ол мақта шаруашылығын өркендете жүріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосты.
Мұнан соңғы оның еңбек жолына үңілсеңіз, еріксіз таңырқайсыз. Бір орнында табан аудармай 35 жыл жұмыс істеу кім көрінгеннің қолынан келе бермес. Бұған шідерлі шыдамдылық пен асқан төзімділік керек. Іскерлік пен тәжірибе де осы жерде көрінеді. Жолбарыс Қалшораев 1962 жылдан бастап 1996 жылға дейін Жетісай ауданы, Абай атындағы колхозда мақта өсірушілер бригадасының бригадирі болып еңбек етті. Бұл жерде «еңбек етті» деп бір ауыз сөзбен тұжырымдап тастау тым келте. Осы тұста мынаған назар аударайық. Ол 1969-1988 жылдар аралығында Бүкілодақтық колхозшылардың ІІІ-ІV съездеріне делегат болып қатысты. 1972 жылдан 1993 жылға дейін Қазақстан Республикасы колхоздар Кеңесінің тұрақты мүшесі және алқа мүшесі болды. Бірнеше жыл қатарынан мақтадан мол да сапалы өнім жинап, мемлекетке өткізгені, еңбек ұжымында отансүйгіштік қасиет, моральдық-психологиялық тамаша ахуал қалыптастырғаны үшін кешегі Кеңес дәуіріндегі ең жоғары марапат – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Сонымен қатар, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің екі рет алтын, екі рет күміс медалімен марапатталды. КСРО Кәсіподақтарының Бүкілодақтық Орталық Кеңесі мен КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталарына ие болды. Мұның сыртында тағы басқа да медальдары, толып жатқан грамоталары бар. Ол Қазақстан коммунистерінің ХІV съезіне делегат болып қатысты. Ал, мұндай құрмет кез келген адамға көрсетіле бермейді.
Ол облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тұрақты авторы болатын. Айталық, осы басылымның 1983 жылғы 28 қыркүйек күнгі нөмірінің бірінші бетіне Жетісай ауданы, Абай атындағы колхоздың мақта өсірушілер бригадасының бригадирі, Социалистік Еңбек Ері Жолбарыс Қалшораевтың «Өнім тағдыры өз қолымызда» деген мақаласы жарияланды. Осы мақалада ол қозалықтың әр гектарынан 32 центнер орнына 50 центнерден «ақ алтын» жинаймыз деп өз межесін айтады. Ер екі сөйлемейді. Артынша осы газетте Ж.Қалшораевтың меже үдесінен шыққаны жөнінде сүйінші хабар жарияланыпты.
Жолбарыс Әбдірахманұлы облыстық, аудандық кеңестердің бірнеше рет депутаты болып сайланды. Осы кезеңдерде колхоздың және ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына өзіндік үлесін қоса білді. Халық пен билік арасындағы дәнекер болып қана қоймай, ауылдың гүлденуіне баса назар аударды. Бүгінде аудандағы және өзінің есімімен аталатын ауылда бірнеше әлеуметтік-тұрмыстық, әкімшілік-басқару ғимараттары, мектептер мен балалар бақшасы, халықтың тұрмыс қажетін өтеу комбинаттары әлі де Жолбарыстың есімімен қатар аталады.
Еңбек Ері «Батырбек» мақта шаруашылығына директор болған жылдары да табыс тасқындай түсті. Ел тәуелсіздік алған жылдары ол шаруашылықты таратып жібермей, ауылдастарын жұмыспен қамтамасыз етті. «Ақ алтын» аспанмен таласып, тау болып үйіліп жатты. Шаруашылық басшысы да күн-түн демей еңбек етті. Мақташылардың еңбектері еш кетпес үшін аянып қалмады. Ол үлкенге іні, кішіге аға бола білді. Ауылдастарының арқасүйер асқар тауына айналды. Ауыл гүлденіп, орталығы адам танымастай өзгерді.
Айнаш Шералықызы Мақтаарал педагогикалық училищесін бітірген талдырмаш қыз болатын. 1967 жылы Қарақозы Әбдәлиев атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жүргенде Жолбарыспен кездесіп қалды. Екі жас бірін-бірі ұнатып, болашаққа қол ұстасып бірге аттануға серттесті. Екеуінің махаббаттарынан 7 ұл, 7 қыз дүниеге келді. Он төрт перзентті дүниеге әкелген Айнаш ана 1985 жылы 10 қараша күні «Батыр ана» атағы мен «Ана даңқы» орденіне ие болды. Иә, бір шаңырақта екі батыр бар еді. Екеуі де осал емес-ті. Бірі еңбек даңқын аспанға асырса, екіншісі ұрпақтарына өмір сыйлады.
Олар саналы да сауатты, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеуді алдарына үлкен мақсат етіп қойды. Жолбарыс күні-түні шаруашылықтың қауырт тірлігінен қолы босамай жүргеніне қарамастан, балаларының тәртібі мен тәрбиесін, сабақ үлгерімін қадағалауға уақыт таба алды. Айнаш болса да ұстаз. Ол он төрт перзентін оқу-білімге құштар етіп өсіруге барын салды. Балаларының мектепте тәрбиелі, оқу озаты болуын ұдайы қадағалап отырды.
Желмая жылдар сырғып өткен сайын уақыт өз сыйын ұсынып тұрады емес пе? «Жол мұраты жету болса, қыз мұраты – кету» деген рас екен. Қыздар өз теңдерін тауып, туған ұяларынан ұшып жатты. Балалар қара- шаңыраққа келіндер түсірді. Бүгінде үлкендері Расулмат Шымкент мұнай өңдеу зауытында инженер. Ал, Мұрат – геологиялық барлау бригадасының жетекшісі. Қаныш – Мақтаарал аудандық ішкі істер басқармасында қызметте. Әліш әке жолын қуды. Ол мақта өсірудің шебері. Батырбек пен Малбек мал шаруашылығымен айналысады. Ниязбек те жоғары оқу орнын бітіріп, өз жолын тапты.
Иә, өткен күнде белгі бар. Жақсы істер, адамдар жүрегіне сәулелі шуақ шашқан жандар ұмытылмақ емес. Жерлестері де, мемлекет те Жолбарыс Қалшораевты ұмытқан жоқ. Мақтаарал ауданы, Достық ауылдық округіндегі көзі тірісінде батырдың өзі көркейтіп, жұмысын жолға қойып кеткен ауылға Ж.Қалшораев есімі берілді.
– Иә, Жолбарыс десе, жолбарыс еді-ау! Ол қандай қиындықтан да тайсалмайтын. «Нар жолында жүк қалмас» дегендей, оның жүрген жерінің бәрінде жұмыс тыңғылықты атқарылып, ұқыптылық пен ұсынылықтың ізі сайрап жататын. Жолбарыс ешқашан бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырған емес. Ауылдың үлкен-кішілері оны қатты құрметтеді. Сол құрметке лайық іс тындырып кетті. Еңбек Ері атану екінің бірінің қолынан келе беретін шаруа емес. Біз оны әлі де сағынамыз, іздейміз, – дейді осы ауылдың байырғы тұрғыны Омарбек Құрымбаев.
Егер де сіздің Мақтаарал ауданына жолыңыз түссе, Жолбарыс Қалшораев ауылына міндетті түрде соға кетіңіз. Мұнда Жолбарыстың сүрлеуі әлі де сайрап жатыр. Кең де жарық көшелер, әсем ғимараттар, саябақтар, басқа да әлеуметтік нысандар кешегі күннің ғажайып сырын шертеді. Жеткіншектер «біз Жолбарыс атаның ауылынанбыз!» деп мақтан етеді. Үлкендер «біз одан көп қамқорлық көрдік» деседі. Бастысы, ол ұрпақтарының бойларына еңбексүйгіштік қасиет сіңіріп кетті. Бұдан артық қандай бақыт болушы еді?
Иә, бақыттың кілті – еңбекте!
Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан»