Жіті ішек инфекциялары — адам ішек жолдарын зақымдайтын, бактериялар, вирустар немесе паразиттер арқылы таралатын жұқпалы аурулар тобы. Бұл инфекциялар көбіне жаз мезгілінде жиілейді, өйткені жоғары температура мен санитариялық талаптардың сақталмауы микробтардың көбеюіне қолайлы жағдай туғызады.
Ішек инфекциялары әсіресе балалар мен егде жастағы адамдар үшін өте қауіпті. Олар тез сусыздануға, улануға және басқа да ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан алдын алу шараларын сақтау аса маңызды.
Жұғу жолдары
Ішек инфекциялары көбіне мынадай жолдармен жұғады:
- Жұқтырылған тағам немесе су арқылы;
- Жеке бас гигиенасының сақталмауынан (жуылмаған қол арқылы);
- Ластанған ыдыс, ойыншық, тұрмыстық заттар арқылы;
- Науқас адаммен немесе тасымалдаушымен байланыста болу кезінде.
Алдын алу жолдары
Жіті ішек инфекцияларының алдын алу үшін келесі қарапайым, бірақ өте маңызды ережелерді сақтау қажет:
1. Қол жуу — басты қорғаныс
- Тағам әзірлеу және жеу алдында;
- Дәретханадан кейін;
- Баланы күткеннен кейін;
- Көшеден немесе қоғамдық орыннан келген соң міндетті түрде қолды сабынмен мұқият жуу керек.
2. Сапалы тағам мен таза су тұтыну
- Қайнамаған немесе белгісіз жерден алынған суды ішпеңіз;
- Көшедегі күмәнді тағамдардан аулақ болыңыз;
- Жеміс-жидекті тек мұқият жуып, қажет болса қайнаған сумен шаю керек;
- Тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтау қажет.
3. Термиялық өңдеуді қатаң сақтау
- Ет, балық, жұмыртқа сияқты өнімдерді толық пісіріп немесе қуырып жеу қажет;
- Піскен және шикі тағамдарды бөлек сақтау;
- Тамақты қайта қыздырғанда толық ысытуды ұмытпаңыз.
4. Тұрмыстық және ас үй тазалығы
- Қолданылатын ыдыстар мен құралдарды таза ұстау;
- Ас дайындайтын орынды үнемі тазалап, зарарсыздандырып отыру;
- Тоңазытқыш пен су сүзгілерін уақытында тазалау.
5. Балалар тазалығына ерекше мән беру
- Баланың қолын жиі жууға дағдыландыру;
- Ойыншықтарды және балалар пайдаланатын заттарды үнемі жуып тұру;
- Балаға қайнамаған су немесе жуылмаған жеміс-жидек бермеу.
Қорытынды
Жіті ішек инфекциясы — алдын алуға болатын ауру. Ол үшін тек қарапайым гигиена ережелерін сақтау жеткілікті. Әсіресе балалар мен отбасы мүшелерінің денсаулығын сақтау үшін күнделікті тазалыққа мән беру — әр адамның жауапкершілігі.
Таза су, таза қол, таза тағам — ішек ауруларынан сақтанудың басты кепілі!
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов