Желшешек – қызбамен, интоксикациямен және дақты-везикулезді бөртпелермен сипатталатын ауа –тамшылы жолмен берілетін, аурудан кейін тұрақты иммунитет қалыптасатын инфекциялық ауру.
Желшешек – герпесвирустық инфекция. Вирус науқас адамнан сау адамға сөйлескенде, түшкіргенде, жөтелгенде жұғады. Желшешекпен балабақша, мектеп жасындағы және иммунитеті әлсіз балалар жиі ауырады. Желшешектің жасырын кезеңі 7-21 күнге дейін созылады. Ауру дене температурасының 38-390С-ге дейін көтерілуімен, әлсіреумен басталады. Бөртпе бет терісінде, бастың шаш бөлігінде, денеде шырышты қабықтарда, аяқ, қолдарда 5-7 мм көлеміндегі «шық тамшылары» тәрізді қызыл дақтар өте тез таралады. Ауыр жағдайларда бөртпе элементтері шырышты қабаттарда-ауыз қуысында, мұрында, склера конъюнктивасында, жыныс мүшелерінде, ішекте болады. 3-5 күн өткеннен кейін бөртпенің көбеюі тоқтап, температура қалыпқа келіп, бөрткен қара дақтар қалпына келеді. Соңғы бөртпелерден кейін 5-7 күн ішінде бөртпе сырты қабыршақтанады да, із қалдырмай, түсіп қалады.
Желшешектің асқынуы сирек кездеседі, асқынуларға бактериалды инфекциялар, энцефалит, мидың зақымданулары, пневмония, асқазан-ішек жолдарынан қан кету.
Желшешектің алдын алу:
– Науқаспен байланысты шектеу;
– Науқасқа жеке ыдыс- аяқ, төсек-орын, гигеналық керек- жарақтар бөлу;
– Бөлмені, ғимаратты, үйді жиі желдету, ылғалды жинау;
-Қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы (құрамында спирт бар) ерітіндімен жуу;
– Сұйықтықты көп ішу;
-Дұрыс толыққанды тамақтану, витаминді тағамдарды пайдалану;
-Таза ауада серуендеу.
Желшешекпен көбіне ұжымдасқан ұйымдардың балалары көп ауырады, сондықтан мектепке дейінгі ұйымдарда, білім беру мекемелерінде таңертеңгілік сүзгі, термометрия жүргізу, бөлмелерді жиі – жиі желдету және ата-аналармен желшешек ауруының алдын алу шаралары туралы санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізу қажет.
Иммунитеті жоғары, денсаулығы қалыпты бала бұл аурумен ауырмауы да мүмкін. Себебі мықты иммунитет кез-келген ауруға қарсы тұра алады. Желшешек ауа арқылы иммунитеті осал кез-келген балаға жұғуы әбден мүмкін. Сондықтан да баланың уақытылы тамақтануына, ас құрамының витаминдерге бай болуына мән беріңіз!
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов