Желшешек — бұл ағзаның орташа улануымен және тері мен шырышты қабатта дақты-папулезді-везикулярлы бөртпелермен сипатталатын жедел вирусты жұқпалы ауру. Желшешек ауа-тамшылы және тұрмыстық қатынас (вируспен ластанған сүлгі, ойыншықтар, бет орамал) арқылы жұғатын тез таралатын аурулар қатарына жатады. Көбінесе жас балалар ауырады.
Тіркелген аурулардың жартысына жуығы 5-9 жас аралығындағы балалар, ал 1-4 және 10-14 жастағы балалар сирек ауырады. Аурудан сауыққаннан кейін ғұмырлық иммунитет қалыптасады. Инфекцияның кіру жолдары тыныс алу жолдарының шырышты қабықтары болып табылады. Вирус қанға өтіп, содан соң теріге түседі де ерекше бөртпенің пайда болуын тудырады. Желшешектің жасырын кезеңі 10-21 күнге (жиі 14-17 күн) созылады. Ауру адам ағзасында улану(интоксикация) белгілері әлсіздік, мазасыздық, дене қызуының көтерілуімен қатар теріге, сілемей қабықтарда бөртпелердың шығуымен сипатталады.
Ауру жедел басталып, дене қызуы 37.5 -38.0 С көтеріледі. Алғашқыда бөртпелер ұсақ болып,сонан-соң бөртпе ішінде сұйықтық пайда болады. Науқасқа бөртпелер жаңадан шыққан кезде айналасына жұқтыру қаупі жоғары болады. Осы кезде науқасты шомылдыруға болмайды, бөртпелер іріңдеп кетпеу үшін 1% спиртті бриллиант ерітіндісі «зеленкамен» немесе 5-10% перманганат калий «марганцовкамен» құрғатып отыру керек. Дене қышып мазасыздық болады, тамаққа тәбеті болмайды. 2-3 күннен кейін бөртпелер құрғап, қабыршақтана бастайды. 1-аптадан кейін бөртпе орны жазылады.
Ауру ошақтарында ауыр науқасты ауруханаға жатқызу, жеңіл түрімен ауырғандарды үйде қалдырған жағдайда жеке бөлме бөліп, сау балалардан оқшаулау керек. Үй және ұжымдасқан топтарда ауа жиі желденіп, еденді жиі жуу, тазалық сақтау қажет. Желшешек инфекциясының алдын алу үшін науқасты соңғы жаңа бөртпе элементтері пайда болғанға дейін, 5 күнге дейін үйде жеке ұстайды. Ал бұрын ауырмаған, желшешекпен ауырған науқаспен байланыста болған 7 жасқа дейінгі балаларды 21 күн оңаша жатқызады. Науқасқа дәруменге бай тағамдарды беріп, сусын, атап айтқанда жеміс, көкөніс шырындарын, компот, қайнаған суды көп беру керек.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А.Еркінбекова


