Күні кеше аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов «Толағай» жазғы сауықтыру лагерінің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында ол нысандағы құрылыс қарқынын, инженерлік инфрақұрылымның сапасын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын назарға алды.
Аудан әкімінің орынбасарына құрылыс жүргізуші мердігер ұйым өкілдері атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, жобаның келесі кезеңдерімен таныстырды. Лагерь аумағында жатын корпустар, асхана, спорт және ойын алаңдары, медициналық пункт сынды балаларға қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылған. Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
С.Тұрсынқұлов құрылыс сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтып, балалардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол жұмыс кестесіне сәйкес барлық жұмыстар уақытында аяқталуы тиіс екенін ескертті.
Айта кетейік, «Толағай» жазғы сауықтыру лагері іске қосылғаннан кейін аудан балаларына тиімді әрі қауіпсіз демалыс ұйымдастыруға мүмкіндік беретін болады.


