Мақтаарал ауданы, Жалын ауылының тұрғыны Нұрбибі Омарова үйінде отырып-ақ бизнесін дөңгелеткен кәсіпкер. Оның жоқтан бар жасап отырған тіршілігіне қызығасыз. Айталық, Нұрбибі бүгінде керексіз болып қалған қой жүнін өз бизнесінің алтын арқауына айналдырып алыпты. Олар жүнді жақсылап жуады, шуашын кетіріп болып, сабаудан өткізеді. Нұрбибі мен келіні Лиза бірігіп, түтілген дайын жүннен жасамайтыны жоқ. Бізді Жалын ауылындағы Нұрбибінің үйіне «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Мақтаарал аудандық филиалының қызметкері Мәдина Ергашова бастап келді.
Мәдинаның айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылы «Бастау» бизнес жобасымен 560 адам білім алып, сертификат иегері атаныпты. 780 адам 505 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грантпен қаржыландырылған. Ал, 2020 жылы 312 адам арнайы мамандықтарға оқып, сертификат алыпты. Соның ішінде 59 адам 555 600 теңгеден қайтарымсыз грант иегері атанған. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер өз идеяларын жүзеге асырып, жұмыстарын жүргізіп келеді. Солардың бірі – біз сөз еткелі отырған Нұрбибі шебер.
Нұрбибі осы кәсібін ойламаған жерден қолға алыпты. Бүгінде не көп, ешкімге керек болмай көрінген жерде шашылып жатқан қой жүні көп. Малшылар оларды өткізе алмаған соң өртеп жібереді екен. Қор болған қайран байлық. Оны неге кәдеге асырмасқа? Нұрбибі келіні Лизамен ақылдаса келе сол жүнді кәдеге асырғысы келеді. Қарап отырса, бұрынғы әжелеріміз жүннен үйге қажетті керемет дүниелер жасады емес пе? Мәселен, жүнді әбден тазалап, жақсылап сабаудан өткізіп, иінін қандыра илесе, одан әйдік шапан жасауға болады. Аппақ шапан кез келген адамды тұлғаландыра түседі. Жүннен жасалған киім суық өткізбейді. Сондықтан Нұрбибінің қолынан шыққан бұйымдарға бүгінде сұраныс артқан.
Бүгінде енелі-келінді екеуі жүннен түрлі киімдер жасаудың хас шеберлеріне айналған. Жүннен ою ойып, оны жұқа маталарға қиюластырып, жаңа үлгідегі көйлектер тігеді екен. Мұндай көйлектер мақтааралдық қыз-келіншектерге ұнапты. Тіптен көршілес аудандардан да келіп, тапсырыс беріп жатқандар бар. Ұлттық нақыштағы киімдер өзіндік сәнімен де ерекшеленеді.
Осы кәсібін тиянақты ету үшін Нұрбибі Қарағанды облысына барып, жүн және тері бұйымдарын өндеумен айналысатын фабрика қызметкерлерінен бірқатар тәжірибе алып оралыпты. Олар киіз үйден бастап күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар шығарудың түрлі жолдарын жақсы меңгерген екен. Қарағандылықтар Нұрбибінің қолынан шыққан бұйымдарға қызығушылық танытып, өздерінде қалып, жұмыс істеуге шақырыпты. Тіптен, тұрғын үйді тегін беретіндерін алға тартқан. Айлық табысы да жаман болмаса керек. Бірақ, туған жер, өскен ортаға не жетеді?
Омаровтардың кәсібі мұнымен ғана шектелмейді. Олар көп жылдан бері ауласындағы 10 сотық жерге көкөніс егеді. Жылыжай жылына екі рет өнім береді. Алғашқыда қызанақ жинап, соңыра қияр алады. Бұл жұмыс Нұрбибінің күйеуі Жамбыл мен ұлы Арманға жүктелген. Биыл да жылыжайдан мол өнім алыныпты. Көкөніс жергілікті тұрғындардан артылмаған. Қазір әкелі-балалы Жамбыл мен Арман жылыжайдың ішін тазалап, тыңайтқыш беру ісімен айналысып жатыр.
Ауыл адамдары кейде «жұмыс жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүртеді. Оларға «Мақтаарал ауданы, Жалын ауылындағы Омаровтар отбасына барып көріңдерші» дегіміз келеді. Өз-өздерін жұмыспен қамтып, ешкімге алақан жаймай табыстарын тасқындатып отырған осындай отбасылардан үлгі алуымыз керек-ақ.
(с) Сабырбек Олжабаев