Пятница, 17 октября, 2025
28.2 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметТүркістан облысында "Ауыл барысы" турнирі басталды

Түркістан облысында “Ауыл барысы” турнирі басталды

Күні кеше Түркістан облысы Мақтаарал ауданында қазақ күресінен “Ауыл барысы” республикалық ашық турнирі басталды.

Бұл спорттық іс-шараны Мақтаарал ауданы әкімдігі мен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалы ұйымдастыруда.

Турнирдің басты мақсаты – қазақ күресі арқылы жастарды ұлттық спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және бұқаралық спортты дамыту. Сонымен қатар, бұл бастама Мемлекет басшысының Жолдауындағы жастарды тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бастамаларды іске асыруға да өз үлесін қосып отыр.

Жарысқа Өзбекстан Республикасынан және Қызылорда облысы, Шымкент қаласы мен облысымыздың аудандарынан жалпы 400-ге жуық спортшы қатысуда. Олар 11 салмақ бойынша 2 күн бойы белдесіп, күш сынасатын болады.

Ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов қатысып, спортшылардың дайындығы туралы ресми рапорт қабылдады. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, облыстық мәслихатының депутаты Жарқынбек Қанаев, өңірдің ел ағалары мен құрметті азаматтары, соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, палуан, белгілі бапкер Бақыт Жаңбырбаев пен Түркістан облысының құрметті азаматы Серік Тұрбеков шараның құрметті қонақтары қатарында болып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Іс-шара барысында турнирді ұйымдастыруға атсалысқан бірқатар қоғам қайраткерлеріне “Ауыл” партиясының алғыс хаттары мен төс белгілері табысталды. Салтанатты рәсімде аудандық мәдениет үйі жанынан құралған “Жассақ” квартеті мен «Каландаровтар» дуэті орындаған патриоттық әндер көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Айта кетейік, “Ауыл барысы” турнирі 2023 жылдан бері ұйымдастырылып келеді және бүгінде жасөспірімдер арасында ұлттық спортты кеңінен насихаттауға үлкен үлес қосып отыр.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ