Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Тұрғын үй саясаты «Amanat» партиясының айрықша назарында

Тұрғын үй саясаты «Amanat» партиясының айрықша назарында

15

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі кеңестің бүгінгі жиынында партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының аясында тұрғын үй құрылысы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының орындалуы, облыс көлемінде тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу, елді мекендерді ауыз сумен, газбен, сапалы электр қуатымен қамту, халық саны аз ауылдық жерлерде су тазарту кешендерін орнату, қалаларда шайынды су тазарту деңгейін арттыру мәселелері қаралды.

Кеңес жұмысына партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева, кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов, кеңес мүшелері, мәжілістің күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша салалық облыстық басқармалардың өкілдері, «Отбасы банк» АҚ Түркістан облыстық филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.

Түркістан облысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы қаңтар-қараша аралығындағы кезеңде жоспар бойынша 922 303 шаршы метрді құрауы тиіс болса, нақты көрсеткіші 1 092 408 шаршы метрге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,5 пайызға орындалғаны жайлы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Турханов айтты. Басқарма басшысы өз есебінде кредиттік 30 тұрғын үйдің құрылысына бюджеттен 13,8 млрд. теңге бөлініп, толығымен пайдалануға тапсырылғанын мәлімдеді. Құны 7,8 млрд. теңгені құрайтын 564 пәтерге «Отбасы банк» АҚ арқылы конкурс жарияланып, 1 616,4 млн. теңгеге 109 пәтер сатылған.

«- Арендалық тұрғын үйлер бойынша Төлеби ауданында 3 тұрғын үй, Жетісай ауданында 1 тұрғын үй пайдалануға қабылданды. 2025 жылы облысқа 578 арендалық пәтер сатып алуға 11,1 млрд. теңге бөлінген. Бөлінген қаражат толық игеріліп, 580 пәтер сатып алынды. Кредиттік тұрғын үйлерді сатып алу бойынша жалпы құны 44,1 млрд. теңгені құрайтын 2 418 пәтер сатып алу көзделген. Осыған сәйкес 2025 жылға облигациялық қарыздар есебінен 30,0 млрд. теңге бөлінген. Қалған 14,1 млрд. теңгесін 2026 жылы қарастыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 2 418 пәтерге келісімшарттар түзіліп, 17,5 млрд. теңгеге 824 пәтер сатып алынды. Қалған 3,5 млрд. теңгесіне Түркістан және Арыс қалаларында 126 пәтер сатып алынады», — деді Абай Әбдіманапұлы.

Азаматтардың тұрғын үй кезегіне тұру және оның жүргізілу тәртібі, қолданыстағы тұрғын үй бағдарламасы туралы «Отбасы банк» АҚ Түркістан облыстық филиалының өкілі ақпарат беріп, Orken.otbasybank.kz порталында тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке тұру шарттары туралы түсініктеме берді. Тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке тұруға өтінім берген кезде жүйе үміткердің талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексеретіні айтылды. Егер ол кәмелетке толған азамат болса және оның, сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйі болмаса, онда ол тізімге енгізілетіні хабарланды. Банк өкілі депутаттармен және партия қызметкерлерімен бірге азаматтарға жаңартылған ережелерді және кезектегі азаматтардың өз мәртебесін қалай білуге болатынын түсіндіруге арналған жиындарға қатысуға дайын екенін жеткізді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ануар Аришев хабарлама жасап, елді мекендерді ауыз сумен, табиғи газбен қамту, электр қуатының сапасын арттыру, тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу мәселелерін баяндады.

Басқарма өкілі берген деректерді талқылаған кеңес мүшелері, тозығы жеткен тұрғын үйлердің мәселесін шешу партияның және қоғамның ерекше бақылауында тұрғын мәселе екеніне баса назар аударды, басқарма тарапынан бұл бағытта жүйелі шаралар қабылдануы тиіс деген бағасын берді. Сондай-ақ жиында облысымыздағы электр қуатының тапшылығын шешуде электр энергиясын өндіретін инвестициялық жобаларға мейлінше қолдау көрсету маңызды болып табылатыны айтылды. Салалық басқармаға бұл бағытта да нақты жұмыстар жүргізуге ұсыныс берілді.

Жиынды қорытындылаған Қалыйма Жантөреқызы, бүгін талқыға шығарылған екі мәселенің де партиямыздың Сайлауалды бағдарламасында айқындалған өзекті орны бар екенін айтты. Алдағы кезеңде де партиямыздың басты ұстанымы өзгермейтінін, халыққа берілген әр уәде нақты іспен орындалуы тиіс екенін жеткізді. Кіріп келе жатқан жаңа жылда да бір мақсат, бір мүдде жолында жұмыла еңбек етіп, ел сенімін ақтауға шақырды.


«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.