Ағымдағы жылдың 07 ақпан күні аудан аумағында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл игі шара қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілді.
Аталған сенбілікке аудан бойынша жалпы саны 1700-ге жуық адам белсене қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары, сондай-ақ еріктілер болды. Қатысушылар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, елді мекен көшелері, қоғамдық орындар, жол жиегі мен ашық аумақтарды тазалау жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде бей-берекет жиналған 8,5 тонна қоқыс арнайы полигондарға шығарылды. Тазалық жұмыстарын тиімді әрі уақытылы атқару мақсатында 17 дана арнайы техника жұмылдырылып, қоқыс шығару және тасымалдау жұмыстары ұйымдасқан түрде жүргізілді. Сонымен қатар, сенбілік аясында тек тазалықпен шектелмей, көктем мезгілінде жүзеге асырылатын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына дайындық та қатар қолға алынды. Атап айтқанда, алдағы уақытта егілетін көшеттерге арналған орындар белгіленіп, жер жырту, арық алу, шұңқыр қазу секілді дайындық жұмыстары жоспарлы түрде атқарылды. Бұл жұмыстар аудан аумағын жасыл желекке бөлеу, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің бірлесіп атқарған бұл сенбілігі – “Таза Қазақстан” бағдарламасының нақты нәтижесін көрсететін жарқын үлгі. Осындай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, ауданның тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қоса бермек.

















