Бейсенбі, Қараша 21, 2024
13.6 C
Мырзакент
ҮйЖАҢАЛЫҚТАРМырзашөлге барсаңыз, Омарбек деген ағаң бар

Мырзашөлге барсаңыз, Омарбек деген ағаң бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарын лайықты бағалап, олардың өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі ету керектігін үнемі айтып жүр. Осы тұрғыдан алғанда біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған азаматтың да өмір жолы жастарға үлгі етуге әбден тұрарлық. 

Омарбек Тастемірұлы 1949 жылдың 15 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Леңгір ауданына (қазіргі Қазығұрт ауданы, Рабат елді мекені) қарасты «Талдыбұлақ» ұжымшарында дүниеге келген. Сол жылдары тың жерлерді игеру жұмыстары қолға алынған болатын. 1951 жылы Құрымбаевтар отбасы Киров атындағы каналды қазуға қатысу үшін Мақтаарал ауданының Абай атындағы ұжымшарына қоныс аударады. Осылайша бала Омарбек осы өңірде жүріп есейді. Еңбекке ерте араласты. Ол кезде жастарды алдымен еңбекке баулып, одан кейін қарым-қабілеттеріне қарай жоғары оқу орындарына жолдама беретін. Елгезектігімен көзге түскен Омарбек Ташкенттегі бухгалтерлік техникумға жолдама алып, оны ойдағыдай бітіріп шығады. 1970 жылы еңбек жолын қарапайым есепші болып бастаған ол көп ұзамай бас есепшінің орынбасары, бас экономист қызметтеріне жоғарылатылады. Жұмыс істеп жүріп Алматы халық шаруашылығы институтының экономика факультетін «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық жұмыстарды талдау» мамандығы бойынша бітіреді. Білікті маман ұжымшардың бас экономисі болып қызмет атқарып жүрген жылдары қарапайым еңбек адамдарының жұмысын жоғары бағалап, жыл соңында ақшалай сыйақыға қол жеткізулеріне барынша жағдай жасайды. Осылайша елдің алғысына бөленген маман қызмет сатысында жоғарылап өсе береді.

1970-1981 жылдар аралығында Мақтаарал ауданындағы Абай атындағы ұжымшарда  бас экономист болған Омарбек Тастемірұлы әйгілі мақташы, Социалистік Еңбек Ері Жолбарыс Қалшораевтан кейін колхоздың комсомол ұйымын басқарды. 1974-1979 жылдары Шымкент облыстық комсомол комитетінің пленум мүшесі болған ол 1975 жылы Қазақстан ЛКЖО-ның XV съезіне делегат болып сайланған.

Бас экономистік қызметті комсомол ұйымының жетекшілігі сияқты жауапты қызметпен шебер үйлестіре білген Омарбек Тастемірұлы жастармен тығыз жұмыс істеп, жасампаз істерге бастамашыл болды. Оның еңбегін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Зайырбек Ахметов лайықты бағалайды. 

З.Ахметовтің ұсынысымен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Спақұл Малдыбеков Омарбек Тастемірұлын ұжымшардың партия ұйымы хатшысының орынбасары етіп бекітеді. Осы қызметте жүргенде ол тек идеологияны ғана емес, шаруашылықтың сан-салалы барлық жұмыстарының қыр-сырын жетік меңгеріп, көпшіліктің алғысын алып, ыстық ықыласына бөленеді. «Красная луч» ұжымшарына бас бухгалтер болып барған жылдары да жас ұжымның іргесін бекіту жолында жанқиярлықпен еңбек етті. Сол жылдары Омарбек Құрымбаевтың қарамағында жұмыс істеген жас мамандар бүгінде түрлі басшылық қызметтер атқарып жүргенін де айта кетейік. Соның бірі – «Аманат» партиясының Жетісай аудандық филиалына басшылық ететін Әділхан Асауов. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, Ә.Асауов біраз жыл аудандық қазынашылық банкті басқарды, ұжымдарда бас есепші болды, аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымының депутаты бола жүріп тексеру-ревизиялық комиссияны басқарды. Әділхан да кезінде ұжымшарда комсомол жетекшісі болған. Тағы бір шәкірті Әбдіманап Байдуллаев жоғары оқу орнын бітірген соң ұжымшарда комсорг, ауыл әкімі, мектеп директоры, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Көп жылғы еңбегі ескеріліп, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. 

Тағы бір сәйкестікке зер салсаңыз, Әбдіманаптың әйелі, марқұм Гүлзина мен Әділханның жары Жанат та ұстаздықты таңдаған, екеуі де Омарбек ағаның жұбайы Күләйданы ұстаз санайды. 

Омарбек Тастемірұлының еліміз егемендігін енді жариялаған елең-алаң шақта атқарған жұмыстары да ұшан-теңіз. Жаңа дәуірге бет бұрған кезде мемлекеттік мүлікті жекешелендіру мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі болып тұрды. Тіпті, осынау саланың дайын мамандары бізде мүлде жоқ еді. Сол себепті Омарбек Тастемірұлы заман талабына сай жаңаша жұмыс істеуге тәуекел етті. Жан-жақты ізденіп, мәселеге тереңірек үңілді. Шаруа қожалықтарын біріктіру қажеттігін түсінді, түсініп қана қоймай, оны жоғарыға ұсыныс етіп түсірді де. Бұл ұсыныс қазіргі күнде де маңызын жойған жоқ. 1997-2007 жылдары Мырзакент мақта зауытында жауапты қызмет атқарған ол 2008 жылдан бері қаржы саласында дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінде еңбек етіп жүр. 

Омекең өмірлік жолдасы Күләйда Сейдәліқызы екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, олардан жиырмадан астам немере сүйіп отыр. Осылайша Мырзашөлдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Омарбек ағаның өнегелі өмірін өскелең жастарға үлгі етсек, оның болашағымыз үшін берері аз болмайды. 

(с) Жеңіс СЕРІКБАЙҰЛЫ,

Мақтаарал ауданының құрметті азаматы

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ