Мырзакент кентінде аспаз Мирсадық Халиевтің жеке асханасы бар. Мұнда келушілердің қарасы көп. Бәрі осы асхананың дәмі тіл үйірген тағамдарын сүйсіне жейді. Отыз жылдан бері аспаз болып жұмыс істейтін Мирсадық Огланұлы – нағыз өз кәсібінің шебері.
– Бұл асхана іші үнемі мұнтаздай таза. Даяшылар өте мәдениетті, сыпайы. Қандай тағамды ұнатасыз, сол асты шай-сусынмен лезде алдыңызға әкеле қояды. Тағамдары өте дәмді, шебер аспаздың қолынан шыққанын байқау қиын емес. Бағасы да арзан, қолжетімді. Біз Мирсадықтың асханасынан дәм татуға сол себепті құмармыз, – дейді осы асхананың тұрақты клиенттерінің бірі – Жанболат Сәрсенбекұлы.
Мирсадық Огланұлы әзірбайжан ұлтының өкілі, қазақша жақсы біледі. Қазақ достары да аз емес. Мирсадық өзінің туған ана тілін ұмытқан емес. Салт-дәстүрлерін де ерекше құрметтейді. «Менің бүкіл жастық шағым осы қасиетті де киелі Мырзашөл жерінде өтті. Осы топырақта тамыр жайып, туған-туыс, дос-жаранмен сыйласып келемін. Мен үшін Мақтаарал өңірі – өте қымбат, қастерлі мекен. Қазақ халқының қонақжай, кеңпейіл, мейірімді болмысын, даласындай дархан көңілін, адамгершілік қасиеттерін үлгі тұтамын. Әрдайым еліміздің береке-бірлігін, бейбіт өмірімізді бағалай білейік. Елдікті бұзу, бірлікті шайқалту, бұл – заң алдында қылмыс, Құдай алдында – күнә. Осыны бәріміз терең түсінейік дегім келеді» дейді Мирсадық.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.