Мақтаарал ауданында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ауданда бірнеше жаңа мектептердің құрылысы қолға алынған. Бұл жоба – ел Президентінің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан, білім беру сапасын арттыруға, оқушыларды жайлы әрі қауіпсіз ортада оқытуға бағытталған маңызды бастама.
Түркістан облысының БАҚ өкілдері жуырда ауданға арнайы пресс-турмен келіп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан бірқатар білім беру нысандарымен танысты. Соның бірі – Атакент кентінде бой көтеріп жатқан 1500 орындық жаңа мектеп. Аталған білім ұясы «Келешек мектептері» жобасы аясында 2023 жылы құрылысы басталып, биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Мектеп ғимараты 4 гектар аумақтың ішінде орналасқан. Жалпы құрылыс көлемі – 14 710 шаршы метр. Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылым толықтай тартылған: су, жарық, кәріз жүйесі барлығы бар. Мектепке апаратын жолдар жөнделіп, қауіпсіз қозғалыс үшін тиісті белгілер мен өтпелі жолдар да қарастырылуда.
Жаңа білім ордасында оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Заман талабына сай жабдықталған пәндік кабинеттер, кең әрі жарық сыныптар, интерактивті тақталар, компьютерлік сыныптар, робототехника кабинеттері, кітапхана мен зертханалар оқушылар игілігіне ұсынылмақ. Сонымен қатар, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне баса назар аударылып, бейнебақылау жүйелері мен дабыл қондырғылары орнатылады. Спорт және ойын алаңдары да оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді.
Жалпы, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Мақтаарал ауданында 5 мектептің құрылысы көзделген. Бүгінде олардың ішінен екі мектептің құрылысы жүріп жатыр – бірі Атакенттегі 1500 орындық мектеп болса, екіншісі – А.Қалыбеков ауылдық округі Үлгілі елді мекеніндегі 600 орынға арналған жаңа мектеп. Екі нысан да биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Ал қалған үш мектептің құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылмақ.
Айта кетейік, ауданда шалғай ауылдық округтердегі білім беру инфрақұрылымын жақсарту шаралары да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Бірлік ауылдық округіне қарасты Еркінабад елді мекенінде 200 орынға арналған №113 мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Жаңажол ауылдық округіне қарасты Нұрлыжол елді мекенінде 200 орындық «Нұрлы жол» мектебінің құрылысы да аяқталуға таяу. Бұдан бөлек, 5 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталды.





