Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда құрылыс көлемі 67,5 пайызға артты

Мақтааралда құрылыс көлемі 67,5 пайызға артты

235

Соңғы жылдары Мақтаарал ауданында құрылыс саласы қарқынды дамып, өңір экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналды. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үймен қамту және елді мекендердің келбетін жаңғырту бағытындағы жұмыстар аудан әкімі Бақыт Асановтың тікелей бақылауымен жүйелі түрде жүзеге асуда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданда атқарылған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 27,8 млрд теңгені құрады. Бұл жоспарланған көрсеткіштен (17,7 млрд теңге) едәуір жоғары. Өткен жылмен салыстырғанда құрылыс көлемі 67,5 пайызға артқан (2024 жылы – 16,6 млрд теңге). Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 29 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Аудан басшылығы үшін тұрғын үй құрылысы – негізгі басым бағыттардың бірі. 2025 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 37 122 шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға өсті (2024 ж. – 28 419 ш.м). Бұл көрсеткіш жоспардан да асыра орындалды. Ал 2026 жылы пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 37 530 шаршы метрден асыру көзделіп отыр.

Фирдоуси елді мекенінде 96 пәтерлік арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 77 пәтердің құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, инженерлік инфрақұрылымға қосылған. Қалған 19 пәтердің құрылысы 2026 жылға өтпелі. Жоба көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды баспанамен қамтуға бағытталған.

Мырзакент кентіндегі Орталық саябақтың реконструкциялау жұмыстары 2022 жылы басталып, 2025 жылдың қазан айында толық аяқталды. Жаңартылған саябақ тұрғындардың демалысы мен мәдени өмірін дамытуға серпін беріп отыр. Сонымен қатар, кентте «Жаңа буынды дамыту орталығының» құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта іргетасы қалануда, нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

2025 жылы Еркінабад және Нұрлы жол елді мекендерінде 200 орындық екі мектептің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Үлгілі елді мекенінде 600 орындық, Атакент кентінде 1500 орындық заманауи мектептер бой көтеріп, бүгінде оқушыларды қабылдап жатыр. Сондай-ақ, жыл ішінде бес білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Мырзакент», «Мақтарал» гимназиялары мен «Жаңа жол», «Бапышев», «Сәтбаев» атындағы мектептердің ғимараттары толық жаңартылды.

Ауданның мәдени әлеуетін арттыру мақсатында Достық ауылдық округінің Ж.Қалшораев елді мекенінде және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің Ынталы елді мекенінде мәдениет үйі мен кітапхана салынды. Ал Үлгілі елді мекеніндегі мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті.

Денсаулық сақтау саласында Қарақыр, Ырыс, Өнімкер және Көкарал ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) пайдалануға берілді.

Ауданда әлеуметтік нысандар санының артуы, тұрғын үй құрылысының жандануына және білім, мәдениет пен денсаулық сақтау салаларындағы оң өзгерістер тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді. Алдағы жылдары да құрылыс саласындағы жұмыстар жалғасып, Мақтаарал ауданының әлеуеті одан әрі арта түспек.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.