Skip to content
Басты бет / Басты жаңалық / Мақтааралда құқық бұзушылық профилактикасы бойынша ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

Мақтааралда құқық бұзушылық профилактикасы бойынша ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

56

2026 жылғы 19 наурыз күні Мақтаарал ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Аталған жиынға аудан әкімі Бақыт Асанов төрағалық етті.

Комиссия отырысына аудандық полиция бөлімінің бастығы Ердаулет Амантаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша Мақтаарал аудандық бөлімінің басшысы Еркебұлан Сапарғалиұлы, аудандық мәслихат төрағасы Қадір Сәрсекбаев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, аумақтық мекемелердің басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, дербес бөлімнің басшылары қатысты.

Отырыс барысында бірқатар өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан аумағындағы қылмыс деңгейі мен жүргізілген профилактикалық жұмыстар сараланды. Сонымен қатар, интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары және қараусыз әрі қаңғыбас жануарларға қатысты туындайтын құқықтық мәселелер күн тәртібінің маңызды тармақтары ретінде қаралды.

Жиында аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Зауытбек Әліқұлов баяндама жасап, қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өз кезегінде ветеринариялық бақылау және қадағалау саласының өкілдері — аумақтық инспекция басшысы Шериаздан Сейтжанов пен «Ветеринариялық қызметі» ШЖҚ МКК аудандық филиалының басшысы Омархан Нұрашов қараусыз жануарлар мәселесіне қатысты атқарылып жатқан шаралар мен алдағы міндеттерді баяндады.

Баяндамаларда құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерімен қатар, саладағы өзекті мәселелер де көтеріліп, оларды шешудің нақты тетіктері ұсынылды. Әсіресе, интернет-алаяқтық фактілерінің артуы, қаржы пирамидаларына азаматтардың тартылуы және қаңғыбас жануарлар мәселесінің өзектілігі ерекше назарға алынды.

Жиын қорытындысында аудан әкімі Б.Асанов құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Аудан басшысы комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын тұрақты бақылауға алатынын нықтап айтты.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.