Skip to content
Басты бет / АЙМАҚ / Мақтааралда қаңтардың жауын-шашынына қарамай 25 гектар жерге қырыққабат дақылы егілді

Мақтааралда қаңтардың жауын-шашынына қарамай 25 гектар жерге қырыққабат дақылы егілді

62

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары қаңтардың жауын-шашынына қарамастан 25 гектар егістік алқапқа қырыққабат дақылын егіп үлгерді. Биыл жалпы 1200 гектарға жуық жерге қырыққабат отырғызу жоспарланып отыр.

Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде 10-нан астам бригадалар қатысып, қызу жұмыстар жүруде. Дала жұмыстарын ерте бастаған қожалықтардың бірі – «Елман» шаруа қожалығы.

Елман Әлиевтің басшылығындағы қожалықтың еншісінде 3,2 гектар жер бар болса, соның барлығына қырыққабат дақылы егіліп жатыр. 50 адамнан құралған бригада қаңтардың әрбір күнін пайдаланып, жауын-шашынға қарамастан жұмыс істеуде.

«Жұмысшыларға күніне 6 мың теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп жетіледі. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек. Ерте еккеннің пайдасы – өнімді нарыққа алғашқылардың бірі болып шығарамыз Былтыр қырыққабаттың бағасы жақсы болды. Биыл да сол бағадан үміттеніп отырмыз», – деді Е.Әлиев.

Мақтааралдық диқандар негізінен салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың ринда, пекин, пандион сұрыптарын отырғызуда. Ерте пісетін өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп. Мақтааралдық өнім ішкі нарықты да қамтамасыз ететін болады.

Жалпы қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта, жүгері сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар 1 жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 520 гектар алқапқа қырыққабат дақылы егіліп, 11 мың тоннаға жуық өнім жиналған. Оның басым бөлігі Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталды.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.