Skip to content
Басты бет / MAKTAARAL TV / Мақтааралда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Мақтааралда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

76

2026 жылғы 12 ақпанда «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Мақтаарал ауданында ауқымды «Бос орындар жәрмеңкесі» ұйымдастырылды.

Іс-шара Мақтаарал аудандық жастар орталығының ғимаратында өтіп, жұмыссыз азаматтарды тұрақты және уақытша жұмыспен қамтуға бағытталды.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды, алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді, сондай-ақ жалпы жұмыссыз тұрғындарды еңбек нарығына тарту, олардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау және қайта құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталды.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, Пробация қызметінің өкілдері, жеке сот орындаушылар, бұқаралық ақпарат құралдары және аудан аумағындағы жұмыс берушілер қатысты. Әсіресе, алимент өндіру мәселесіне ерекше назар аударылып, борышкерлерге қатысты әкімшілік жауапкершілік, заң аясындағы шектеу шаралары мен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар еңбек арқылы жауапкершілікті арттыру және әлеуметтік ортаға қайта бейімдеу бағытында кеңестерін берді.

Жәрмеңкеге аудан бойынша 40 жұмыс беруші қатысып, барлығы 168 бос жұмыс орнын ұсынды. Ұсынылған вакансиялар түрлі салаларды қамтыды. Нәтижесінде 33 азамат тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама алды. Жалпы іс-шараға 98 азамат қатысып, жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, субсидияланатын жұмыс орындарына да 21 азамат жолданды.

Мамандардың пікірінше, мұндай жәрмеңкелер азаматтардың еңбек нарығына белсенді қатысуына жол ашып қана қоймай, олардың құқықтық және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, құқықбұзушылықтың алдын алуға сеп болады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай форматтағы кездесулерді тұрақты түрде өткізіп, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шараларын жалғастыратынын жеткізді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.