Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда бітіруші сынып оқушыларына мемлекеттік қызметтің мүмкіндіктері таныстырылды

Мақтааралда бітіруші сынып оқушыларына мемлекеттік қызметтің мүмкіндіктері таныстырылды

66

Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» туралы №602 Жарлықта мемлекеттік қызмет саласын жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру және ерте кәсіптік бағдарлау институтын қалыптастыру мәселелері айқындалған. Аталған құжат аясында мектептер мен жоғары оқу орындарында болашақ мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың жүйелі тетіктерін енгізу көзделіп отыр.

Осыған орай, бүгін Мақтаарал ауданы әкімі аппаратында мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан мектеп бітіруші сынып оқушыларымен арнайы кездесу өтті. Іс-шараны аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Абай Қарабеков ұйымдастырып, жүргізді.

Кездесу барысында оқушыларға мемлекеттік қызметке кіру талаптары жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке қабылдану тәртібі, конкурс өткізу кезеңдері, заңнама талаптары, тестілеу жүйесі және әдеп нормалары туралы кеңінен айтылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің қоғам алдындағы жауапкершілігі, оның ел дамуы жолындағы стратегиялық маңызы ерекше атап өтілді.

Абай Қарабеков өз сөзінде мемлекеттік қызмет – бұл тек жұмыс орны ғана емес, халыққа адал қызмет ету, кәсіби біліктілік пен жоғары жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет екенін жеткізді. Ол жастарды білімді, бастамашыл әрі отансүйгіш болуға шақырып, болашақта ел игілігі жолында қызмет етуге үндеді.

Кездесу барысында оқушылар тарапынан мемлекеттік гранттар, кадрлық резервке ену мүмкіндіктері, тағылымдамадан өту жолдары және мансаптық өсу сатылары туралы бірқатар сұрақтар қойылды. Барлық сауалдарға нақты әрі түсінікті жауаптар берілді.

Мұндай кездесулер жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыруға және білікті кадрлық резерв қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.