Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтаарал ауданында жылдың соңғы сессиясы өтті

Мақтаарал ауданында жылдың соңғы сессиясы өтті

60

24-желтоқсан күні Мақтаарал ауданында аудандық мәслихаттың жылдың соңғы сессиясы өтті. Жиынға аудан әкімі Бақыт Асанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Қадыр Сәрсекбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихаттың депутаттары, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, аудандық кірістер басқармасының басшысы, сондай-ақ «Қазсушар» РМК Мақтаарал аудандық филиалының басшысы қатысты.

Сессия барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қаржылық жоспарлау мен басқару тиімділігіне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың атқарған жұмыстарына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Алдымен 2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет жобасы талқыланды. Ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ш. Әбенов аталған кезеңге арналған бюджеттің негізгі бағыттарын, кіріс көздері мен шығыс бөлігін, сондай-ақ әлеуметтік сала мен инфрақұрылымды дамытуға бөлінетін қаржы көлемін баяндады. Депутаттар тарапынан ұсыныстар айтылып, бюджет жобасы жан-жақты талқылаудан өтті.

Келесі мәселе бойынша ауданның мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт салаларында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Бөлім басшысы Ж. Татеев есепті кезеңде атқарылған іс-шаралар, мәдени нысандардың жұмысы, спорттық жетістіктер мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдерінің өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерді орындауы туралы есептері қаралды. Атап айтқанда, Аязхан Қалыбеков ауылдық округінің әкімі М. Бітемиров, Достық ауылдық округінің әкімі Д.Асауов және Жолдыбай Нұрлыбаев ауылдық округінің әкімі Н.Сұлтанов өз округтерінде атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы кеңінен мәлімет берді. Депутаттар тарапынан сұрақтар қойылып, бірқатар өзекті мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар айтылды.

Жиында аудандық мәслихат төрағасының және тұрақты комиссиялардың 2025 жылы атқарған қызметтері жөніндегі есебі тыңдалып, 2026 жылға арналған перспективалық жұмыс жоспарлары бекітілді. Сонымен қатар, аудандық мәслихат аппаратының 2026 жылға арналған қызметін қамтамасыз ету шығындарының сметасы да қаралды.

Сессия соңында күн тәртібіне сәйкес өзге де мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Жиын қорытындысында аудан басшысы Б.Асанов ауданның алдағы даму бағыттарын нақтылауға, жергілікті басқару тиімділігін арттыруға бағытталған нақты жоспарларымен бөлісті.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.