Қызылша-адамнан адамға ауа-тамшылы механизм арқылы берілітін және көптеген ауыр асқынуларға алып келетін өте жұқпалы ауру. Қызылшамен ауырған адаммен байланыста болған, иммунитеті жоқ адамның вирусты жұқтыру қаупі жоғары. Науқас сөйлескенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде сілекей тамшыларымен вирустар шығарады. Вирус ауада 2 сағат сақталады және ауа ағынының жоғарылауымен ол лифттер мен желдету жүйелері арқылы басқа бөлмелерге ене алады. Басқа адамдар сол ауаны жұту арқылы жұқтыруы мүмкін.
Қызылшаның ең айқын симптомы – бөртпе. Ерте белгілер 4-7 күнге созылады. Оларға мыналар жатады:
мұрыннан су ағу;
жөтел;
Қызу көтерілуі
көздің қызаруы және жасаурауы;
иектің ішкі бетіндегі ұсақ ақ дақтар.
Бөртпе вирусты жұқтырғаннан кейін шамамен 7-18 күннен соң бет пен мойынның жоғарғы бөлігінде пайда болады. Ол шамамен 3 күн ішінде таралып, қолдар мен төменгі жақ бөліктерде, аяқтарда пайда болады. Қызылша вирусы адамда бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн бұрын және пайда болғаннан кейін 4 күн ішінде байланыстағы адамдарға жұғады.
Қызылша аурушаңдығы салдарынан төмендегі аурулардың асқынуына алып келеді:
соқырлық;
энцефалит (мидың ісінуіне және церебральды бұзылулардың дамуына әкелетін инфекция);
ауыр диарея және онымен байланысты дегидратация;
құлақ инфекциясы;
тыныс алудың ауыр проблемалары, соның ішінде пневмония.
Бұл асқынулардың барлығы – қызылша аурушаңдығының кезінде немесе жазылғаннан кейін бірнеше аптадан соң, имунитет әлсіреп адам ағзасы басқа инфекция жұқтырғанда пайда болады.
Қызылшадан қорғаудың жалғыз және тиімді әдісі- вакцинация болып табылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинация тегін және Ұлттық егу күнтізбесіне сай жүзеге асырылады, оған КПК вакцинасының екі дозасы (қызылша, паротит, қызамық) кіреді. Бірінші вакцинация балаларға 12-15 айда, екіншісі — 6 жаста салынады. Зерттеулерге сәйкес, бірінші рет енгізілген вакцинадан кейін иммунитет 90-95% жағдайда, екіншісінен кейін — 95-98% қалыптасады. Екпе – инфекциялардан қорғану мен адам өмірін сақтаудың қауіпсіз және ең сенімді әдісі.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов


