Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Көкпарсай ауылында шағын стадион ел игілігіне берілді.
Кәсіпкер, ауыл меценаты Ұлықбек Мырзалиевтің демеушілігемен ашылған спорт нысанының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова қатысып, аудан әкімінің құттықтауын жеткізді.
«Қазақта «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген керемет нақыл сөз бар. Міне, бүгін кереметтей кіші футбол алаңшасының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Спорт – мемлекетіміздің мерейін асырып, мәртебесін арттыратын маңызды сала. Спортшыларымыздың жетістігі арқылы еліміздің, өңіріміздің, тіпті ауылымыздың абыройы асқақтап, беделі еселенеді. Елдің үміті мен тілегін арқалап, сенім үдесінен шыға білетін, ел мен жер абыройын қорғай білетін білекті де жүректі спортшыларымыздың қатары көбейіп, аудан спортының жетістіктері мен табыстары арта берсін!» – деді, Алтын Күнтуқызы.
Аудан әкімінің орынбасары спорт алаңшасының ашылуы аясында өтіп жатқан футбол жарысына қатысушыларға да сәттілік тіледі. Іс-шара барысында ауыл тұрғындары мен ардагерлері Ұлықбек Мырзалиевке алғыстарын жаудырды.
Айта кетейік, жақында ғана аталған ауылдағы Сәбит Мұқанов атындағы жалпы орта мектебінің 1987 жылғы түлектері ауылдың кіреберісіне алып қақпа орнатып, ауылдың гүлденуіне атсалысқан болатын.
«Мақтаарал ақпарат»