Вторник, 1 июля, 2025
26.1 C
Мырзакент
ҮйАЙМАҚБАҚЫТ АСАНОВ БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ЕСЕП БЕРДІ

БАҚЫТ АСАНОВ БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ЕСЕП БЕРДІ

Мақтаарал ауданы 2025 жылдың алғашқы бес айында әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізді. Аудан бюджетінің кірістері мен шығыстары 6,8 млрд теңгені құрап, жоспарға сәйкес орындалды. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,4 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,4 млрд теңгеге немесе 1,5 есеге өсті. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 51 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы күні кеше БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген Мақтаарал ауданының әкімі Асанов Бақыт Насырханұлы айтты.

Ауданның экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында 2025 жылы бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында жылына 10 мың метр мата өндіретін өндіріс – «EL KZ-2020» ЖШС, 6 мың тонна бақша өнімін экспорттау жобасы – «Агрогруз» ЖШС, 10 мың тонна ет өнімін терең өңдейтін – ЖК «Дүкенбаев Салман», жылына 3 мың тонна мақта тұқымын өндіретін – «БИФАС» ЖШС, 5 мың тонна мақта майын өңдеу өндірісі – «Cotton MАЙ» ЖШС, мақта тұқымын өңдеу және пластик қалдықтарын қайта өңдеу жобалары – «BEGASH» ЖШС, тәулігіне 90 тонна күріш өңдейтін зауыт – «Бек» ЖШС және жылына 30 мың дана мектеп формасын тігу өндірісі – «FAN GAO» ЖШС-лары бар.

Бұдан бөлек, ауданның инвестициялық әлеуетіне оң өзгеріс алып келетін бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Атамекен» кедендік бекетінің, «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығының, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржолының, М-39 “Ташкент-Термез” жол дәлізінің құрылысы жобалары Мақтаарал ауданының әлеуметтік-эконмикалық дамуына тікелей ықпал етіп, оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. 2025 жылдың алғашқы бес айында 6,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 113,8% болды. Жалпы 60,3 мың гектар жерге егістік егілді. Оның ішінде 35,1 мың гектарына мақта, 15,5 мың гектарына көкөніс, картоп және бақша дақылдары, 4,2 мың гектарына мал азықтық дақылдар егілді. Аталған дақылдардың 3,3 мың гектарына тамшылатып суғару технологиясы енгізілді. Жыл соңына дейін бұл технологияны 8 мың гектарға жеткізу көзделуде.

Құрылыс саласында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Аудан орталығы Мырзакент кентінде орталық саябақтың, жаңа буынды дамыту орталығының құрылыстары жүргізілуде. Фирдоуси елді мекенінде әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді салу үшін 1,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Ынталы және Ж.Қалшораев елді мекендерінде мәдениет үйі мен кітапхана нысандарының құрылысы жүріп, қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Үлгілі елді мекенінде 600 орындық мектептің құрылысы аяқталды және Атакент кентінде 1500 мектептің құрылысы жаңа оқу жылына дейін аяқталатын болады. Сондай-ақ, Еркінабад пен Нұрлы жол елді мекендерінде 200 орындық 2 мектеп те ел игілігіне берілетін болады. Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданында 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 4 медициналық нысанның құрылысы да биыл аяқталатын болады. Сонымен қатар, Жамбыл және Жантақсай елді мекендерінде спорт алаңшалары ел игілігіне берілмекші.

Ауыз су жүйелерінің тозығы жеткен 7 елді мекенде қайта жаңарту жұмыстары және облыстық бюджеттен 27 елді мекенге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде ауданның 67,6% газбен қамтылған болса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 100%-ға жетеді деп күтілуде. Ол үшін қазіргі таңда 22 елді мекенде ішкі газ жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 24 көшеге және жергілікті бюджеттен 20 көшеге асфальт төселуде. Биыл көктемде 25 300 дана ағаш 12 гектар жерге егілді, күзде тағы да 14 гектар жерге отырғызылатын болады.

Аудан әкімі Бақыт Асанов жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы 5 айлық көрсеткіштерді жан-жақты баяндап, аудандағы өзгерістерге журналистер оң бағасын берді. Сондай-ақ, көкейдегі сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды. Брифингтің соңы пресс-турға ұласты.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ