Четверг, 29 мая, 2025
30.5 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметБ.Асанов: Халықпен ашық диалог орнату - жергілікті басқарудың басты мақсаты

Б.Асанов: Халықпен ашық диалог орнату – жергілікті басқарудың басты мақсаты

Күні кеше Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді тыңдады. Қабылдауға алдын ала жазылған 16 тұрғын қатысып, әрқайсысы өздеріне қатысты күрделі жағдайларды ашық айтып, шешім табуға ниет білдірді.

Қабылдау барысында тұрғындар негізінен коммуналдық қызмет сапасына, әлеуметтік қолдауға, ағын судың жеткіліксіздігіне, тұрғын үй мәселелеріне және инфрақұрылымның жай-күйіне қатысты шағымдарын жеткізді. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде суару жүйелерінің тозуы, кейбір көшелердің жарықтандырылмауы мен жолдардың нашарлығы жиі көтерілген мәселелердің қатарында болды.

Бақыт Асанов әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, кейбір мәселелерді сол жерде шешуге тапсырма берді. Мысалы, ағын судың тапшылығы мәселесі бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне нақты тапсырмалар беріліп, тиісті мамандарға ақаулы учаскелерді шұғыл тексеріп, шара қолдану жүктелді.

Тұрғын үйге мұқтаж отбасылардың мәселесі де назардан тыс қалмады. Әкім бұл бағытта арнайы комиссияның жұмыс істеп жатқанын және заң аясында кезекте тұрған азаматтардың баспанамен қамтамасыз етілуі кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Қабылдау соңында Бақыт Асанов мұндай кездесулердің тұрақты түрде өтіп тұратынын атап өтіп, тұрғындарды кез келген уақытта өз сұрақтарымен жергілікті билікке жүгінуге шақырды. Ол халықпен ашық диалог орнату – жергілікті басқарудың басты мақсаты екенін тілге тиек етті.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ