Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков жұмыс сапары аясында А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Үлгілі ауылына барып, осында жүргізіліп жатқан мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Ол құрылыс сапасына, жұмыстың қарқынына және жобаның әлеуметтік маңыздылығына ерекше назар аударды.
Аталған мәдениет үйі биыл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтуде. Жоба бойынша облыстық бюджеттен 332 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, мәдениет үйі ауыл тұрғындары үшін шығармашылықпен айналысуға, мәдени іс-шаралар өткізуге үлкен мүмкіндік беретін заманауи орталыққа айналмақ.
Жөндеу барысында ғимараттың шатыры, қабырғалары, едені толық жаңартылып, инженерлік жүйелері ауыстырылуда. Сонымен қатар, ішкі әрлеу жұмыстары заманауи стандарттарға сай жүргізілуде. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Б.Анарбеков мердігер ұйым өкілдеріне жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының пікірін ескере отырып, мәдениет үйінің ішкі жабдықталуы мен қолайлылығына ерекше мән беру керектігін атап өтті.
Айта кетейік, бұл жоба – Мемлекет басшысының ауыл инфрақұрылымын дамыту туралы тапсырмаларын орындаудың нақты нәтижесі. Мәдениет ошақтарының жаңғыртылуы ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға, тұрғындардың мәдени өмірін жақсартуға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға мол мүмкіндік береді.








