Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов кенттер мен ауылдық округтерді аралап, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың қазіргі жағдайымен танысты.
Іссапардың негізгі мақсаты – халыққа қызмет көрсететін нысандардың жұмыс барысын бақылау, сонымен қатар тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысу болды.
Сапар барысында ең алдымен аудан басшысы А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Абат елдімекеніндегі жаңадан салынған медициналық нысанға барды. Былтыр пайдалануға берілген бұл медициналық пункт заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әкім нысанның техникалық жағдайын көзбен көріп, медицина қызметкерлерімен тілдесті. Айта кетейік, 2024 жылдың соңына дейін ауданда 4 жаңа медициналық нысан іске қосылып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік берілген болатын.
Келесі бағыт – Атакент кенті болды. Мұнда әкім “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан 1500 орындық ірі білім ордасының құрылысымен танысты. Қазіргі таңда мектептің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігер ұйым нысанды жаңа оқу жылына дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Бұл жаңа білім мекемесі аудан балалары үшін заманауи, жайлы оқу ордасына айналатыны сөзсіз.
Сапары барысында Бақыт Асанов ауыл шаруашылығы саласына да назар аударды. Ол Мақтаарал ауылдық округінің аумағындағы егістік алқаптарына барып, еңбек майданында жүрген диқандармен кездесті. Әсіресе, қазіргі таңда қызу жүріп жатқан қырыққабат өнімін жинау науқанын көзбен көріп, шаруалармен сұхбаттасты. Әкім егіс алқабындағы жұмыстардың өнімділігіне оң баға беріп, диқандарға сәттілік тіледі.
Мұнан соң аудан әкімі “Атамекен” кедендік бақылау бекетіне ат басын бұрды. Құрылысы аяқталуға жақын бұл стратегиялық нысан жақын уақытта пайдалануға берілмек. Әкім кедендік инфрақұрылыммен толық танысып, мамандардан нысанның іске қосылу мерзімі мен алдағы жоспарлар туралы мағлұмат алды. Бұл бекет аудандағы шекаралық сауданың дамуына, экономикалық белсенділіктің артуына үлкен серпін бермек.
Бақыт Насырханұлы сапары барысында ауданның әлеуметтік және экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жіті бақылап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, сапалы қызмет көрсету және инфрақұрылымды жетілдіру – басты міндеттердің бірі болып қала беретінін аудан басшысы атап өтті.








