Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында аудан көлемінде санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Осы бағыттағы кезекті ауқымды сенбілік бүгін ауданның барлық елді мекендерін қамтып өтті.
Сенбілікке ауданның дербес бөлімдері мен мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері белсене қатысып, бірлескен түрде тазалық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, «А-15» республикалық автомобиль жолының бойында кең көлемді тазарту және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кенттер мен ауылдық округтердегі әкімдік аппараттарының қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді.
Жалпы тазалық іс-шарасына 1500-ге жуық адам қатысып, 15 арнайы техника жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудан аумағында 400 дана көшет отырғызылып, 2000-нан астам ағаштың түптері әктелді. Бұл жұмыстар жасыл желекті күтіп-баптауға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Бұдан бөлек, 25 жарық бағанасы мен жол жиектастары әктеліп, сырланды. 12 қоғамдық көлік аялдамасы қалыпқа келтіріліп, санитарлық талаптарға сай реттелді. Аудан аумағындағы барлық скверлер, аллеялар мен саябақтар тазартылып, келушілер үшін қолайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ, 25 шақырым жол бойы қоқыстан тазартылып, нәтижесінде 32 тонна тұрмыстық қалдық арнайы орындарға шығарылды.
Аталған жұмыстар аудан тұрғындарының белсенділігі мен қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға оң ықпал ететін болады.
















