Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, қоғамды демократияландыруды ілгерілету, жүргізіліп жатқан реформалар туралы тұрғындарды кеңінен ақпараттандыру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Осыған орай, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан тұрғындарымен жоспарлы кездесулер өткізуде. Кезекті көшпелі кездесу Жамбыл ауылдық округінде ұйымдастырылып, оған аудан активі мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі 2025 жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, 2026 жылға жоспарланған негізгі жобалар мен міндеттерді таныстырды. Сонымен қатар, Жамбыл ауылдық округінде жүзеге асырылған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, 2025 жылы Көкпарсай елді мекенінде ФАП ғимараты пайдалануға берілді. Округке қарасты «Ұлы Отан» соғысына арналған ескерткіш күрделі жөндеуден өтті. Абай елді мекенінде жеке кәсіпкердің есебінен шағын спорт алаңшасының құрылысы басталды. Жергілікті бюджет есебінен дәл осы Абай елді мекеніндегі екі жақты орталық көшені абаттандыру мақсатында 325 метрге қоршау жұмыстары жүргізілп, 94 дана шырша мен 170 дана гүл көшеттері отырғызылды.
Кездесу соңында ашық микрофон ұйымдастырылып, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей аудан әкіміне жеткізді. Олар негізінен ПУИД-2 бағдарламасы бойынша жасалып жатқан К-18-54, К-18-66 және К-18-68 каналдарындағы кемшіліктерді және тік дренаждарды іске қосу бойынша мәселелер көтерді.
Барлық сұрақтар мен ұсыныстар назарға алынып, аудан әкімі тарапынан нақты жауаптар берілді. Сондай-ақ, жеке мәселелер бойынша азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.












