Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, қоғамды демократияландыруды ілгерілету, жүргізіліп жатқан реформалар туралы тұрғындарды кеңінен ақпараттандыру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыру мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Осыған орай, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан тұрғындарымен жоспарлы кездесулер өткізуде. Кезекті көшпелі кездесу Мақтаарал ауылдық округінде ұйымдастырылып, оған аудан активі мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі 2025 жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, 2026 жылға жоспарланған негізгі жобалар мен міндеттерді таныстырды. Сонымен қатар, Мақтаарал ауылдық округінде жүзеге асырылған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, өткен жылы округте барлық елді мекендерде аншлагтар мен үй нөмірлері орнатылған. Игілік, Әл-Фараби,Мәдениет және Шаттық елді мекендеріндегі топырақты көшелерге тас төселген. Өркениет елді мекеніндегі «Жайлы мектеп» аумағын абаттандыру мақсатында арнайы қорғанмен қоршалған. Сонымен қатар, Өркениет елді мекенінде ауыз су жүйесін толық жаңарту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Кездесу соңында ашық микрофон ұйымдастырылып, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей аудан әкіміне жеткізді. Барлық сұрақтар мен ұсыныстар назарға алынып, аудан әкімі тарапынан нақты жауаптар берілді. Сондай-ақ, жеке мәселелер бойынша азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында халықпен ашық диалог орнату және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.










