Жаңа Конституцияны қабылдау ел үшін аса маңызды тарихи оқиға. Осы арқылы Қазақстан дамудың, өркендеудің, жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа құжат бүгінгідей әлемдік, халықаралық жағдай ушығып тұрған сәтте мемлекетті іштен нығайтуға, халықты бір мақсатқа ұйытуға қызмет етпек.
«Көшбасшы елін күшпен емес, өзіндік үлгісімен алға жетелейді» деген екен Қытайдың белгілі мемлекет қайраткері Мао Цзэдун. Сол айтпақшы, Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әлемдік күрделі кезеңнен мемлекетті алып шығудың бейбіт, бірегей үлгісін ұсынды. Президент ұсынған бағдар азаматтардың құқығы мен бостандығының кепілдігін нығайтуды, заң үстемдігін қамтамасыз етіп, әділетті Қазақстанның тұрақты моделін жасау туралы бастамаларды Конституциялық реформа негізіне айналдыруды мақсат етіп отыр. Бұл реформа 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан мемлекетті кешенді жаңғыртудың заңды жалғасы десек шындықтан алыстамаймыз.
Конституциядағы өзгерістер мемлекеттің тұрақтылығына салынған ұзақмерзімді инвестиция. Бұл – болашақ дағдарыстардың алдын алуға, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға және мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыруға жол ашады. Сонымен қатар жобада әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілгенін де айта кеткеніміз абзал. Көпшілікке таныстырылған Ата Заң жобасының Преамбуласында бұл қағида негізгі басымдық ретінде айқындалған. Бұл бүгінгі заманның рухын, қоғамның мақсат-мұратын және ұлтымыздың болмысын айқындай түспек.
Осы ретте еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов елдік құжаттың мақсатын халыққа терең түсіндіру үшін кең көлемде насихат жұмыстарын қолға алуға көңіл бөліп отыр. Себебі халықтың көңілінен шыққан, тиімді екеніне халықтың анық көзі жеткен заң ғана өміршең. Ұсынылған жаңашылдықтар бойынша ашық диалог орнатудың өзекті екенін алға тартқан Бас прокурордың жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына өзі тікелей бастамашылық жасап, кәсіби және азаматтық қоғамды ашық пікір алмасуға тартуға тікелей жол көрсетуі елді ортақ мүддеге біріктірудің тетігі екені талассыз. Бұл тәсіл реформалардың мәнін ұғынуға, теріс қорытындылардан аулақ болуға және инновациялардың мазмұнын нақты болжауға мүмкіндік береді.
Осындай ел алдында жүрген азаматтарға сенім артқандықтан, қарапайым халық та Бас құжатты талдауда өте белсенді. Жоба таныстырылған кезден бері реформаға қатысты азаматтардан 10 мыңнан астам ұсыныс түскен. Соның нәтижесінде Ата заңның барлық бөлімін қамтитын 77 бапқа өзгеріс енгізіліп, мәтіннің 84 пайызы жаңартылған. Талқының ашық жүргізілгеніне көпшілік куә. Азаматтардың жобаға қатысты ұсыныстары e-Otinish және eGov цифрлық платформалары арқылы қабылданып, айтылған ұсыныстар мемлекеттік басқару жүйесінің орнықтылығын нығайтуға, билік институттарының өкілеттіктері мен жауапкершілігі арасындағы теңгерімді күшейтуге, сондай-ақ елдің стратегиялық басымдықтары ретінде адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамытуға қатысты тетіктерді барынша жетілдіруге көмектесті.
Бас құжаттың басымдығы дегенде ауыз толтырып айтатын өзгерістер аз емес. 11 бөлім мен 96 баптан тұратын жобада ел дамуының түбегейлі жаңа тәсілі бекітілген. Оның ең негізгісі – құжаттың алғаш рет мемлекеттік тілде әзірленуінен көрінеді. Сонымен қатар, қазіргі екі палаталы Парламенттің орнына Құрылтайдың құрылуы, Халық кеңесінің енгізілуі, Вице-Президент лауазымының айқындалуы жобада бірден көзге түсетін басты өзгерістер. Бұл жаңашылдықтар біртұтас Қазақстан халқының мүддесіне қызмет етіп, ішкі саясат, қоғамдық келісім және ұлттық құндылықтар мәселелерін реттеуге негіз қалауы тиіс.
Одан бөлек бұрынғы Конституция мен қазіргі жобаны салыстыра отырып талай толымды жаңашылдықтарды аңғаруға болады. Мәселен бұрын Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары қорғалуы тиіс деп жазылса, қазіргі жобада «Мүлтіксіз» қорғалуы тиіс деу арқылы Конституциялық кепілдікті нақтылауға басымдық берілген. Бұрынғы «өмір сүру құқығы бар» деген норма «өмір сүру құқығы абсолютті және ажырамайды» деп нақтыланған. Құжатта әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесі де айрықша көрсетілген. Сондай-ақ дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты нақтыланып, рухани және діни оқу орындарын қоспағанда, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітіліп отыр. Мемлекеттік басқарудың мазмұны мен архитектурасын түбегейлі жаңарту міндеті де қоғамда қызу талқылануда. «Тепе-теңдік бар жерде тұрақтылық бар» деген саяси қағидатқа сай, бұл реформа билік тармақтары арасындағы теңгерімді нығайтып, институционалдық дамудың жаңа кезеңін қалыптастырарына күмән жоқ.
Жобада Заң мен тәртіп қағидаты еліміздің әрі қарай дамуының, азаматтарымыз бен қоғамымыздың күнделікті өмір салтын қалыптастырудың іргетасына айналмақ. Бұл қағидатты конституциялық деңгейде бекіту құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» ұстанымын нығайтуға жол ашады.
Жаңа жобадағы заңдық кепілдіктер адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына, азаматтық және саяси құқықтар, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактілерге және өзге де халықаралық конвенциялық актілерге толық сәйкес келуімен бағалы. Әрі адам өмірін, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепілдік беріп қоймай, оны күшейте түсуімен ерекше. Мәселен «Миранда ережесін» басшылыққа ала отырып құқықтық орбитаға тартылған азаматтардың өз мүддесін қорғауы үшін берілген мүмкіндік кең. Соның ішінде құзырлы органдардың әрекеттері нақтыланып, адамдарға не үшін ұсталғанын, қандай құқығы бар екенін түсіндіру міндеті жүктеліп отыр. Өзіне қарсы түсінік беруден бас тарту, адвокат көмегін пайдалану және басқа да құқығы барын білген азаматтардың заңсыздықтан қорғалатынына сенімі нық болады.
Кінәсіздік презумпциясы да жаңа конституцияның мазмұнын байыта түскен. Бұл қағидаттың Негізгі құқықтар мен бостандықтар туралы бөлімге енгізілуі азаматтардың құқығын айшықтап, негізсіз айыптау қаупіне тосқауыл қояды. Бұдан бөлек жаңа жобада жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұқпаушылықпен қатар, дербес деректерді заңсыз әрекеттерден, оның ішінде цифрлық кеңістікте қорғау конституциялық деңгейде бекітілген.
«Болашақты болжай білетін көшбасшы – дана басшы» дейді бабаларымыз. Президент те қазіргідей сындарлы сәтте жаңа Конституция қабылдауға байланысты референдум өткізу арқылы мемлекеттің болашағын көпшілікпен пікірлесе, үндесе отырып айқындаудың дұрыстығына көзімізді жеткізді. Бұл «Кеңескен істе кемшілік болмайды» деген ұстанымды шындыққа айналдырады. Ең бастысы, қазір ашық алаңда жан-жақты талқыланып жатқан Конституциялық реформа еліміздің жарқын болашағының, халқымыздың бейбіт өмірінің кепілі екеніне баршамызды сендірді.
Мұрат Тлеубердиев,
Түркістан облысының прокуроры


