2025 жылғы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еліміздің өңірлерінде инвестициялық жобаларды дамытып, халықаралық әріптестікті нығайту, цифрландыру мен инновациялық өндірістерге қолдау көрсету басты басымдық ретінде белгіленген. Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында бүгін Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай Халық Республикасының инвесторлары, сондай-ақ Вэньчжоу қаласының Сауда департаментінің басшысы Юй Лицин бастаған ресми делегация арасында B2G форматында кездесу өтті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жаңа жобаларды іске асыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл кездесудің негізгі мақсаты – өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту екенін атап өтіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.
– Қазақ-қытай қатынастарының берік достық байланысы стратегиялық серіктестік пен мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісіне айналғанын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтады. Екі ел көшбасшылары арасындағы сенімді диалог пен стратегиялық серіктестік Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының барлық салалар бойынша дамуында шешуші рөл атқарып отыр. Биылғы тамыз айында Қытай еліне жасаған кезекті іссапарымыз аясында сіздермен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша келіссөздер жүргіздік. Соның нәтижесінде, бүгін екі елдің дамуына үлес қосатын Қазақ–Қытай өнеркәсіптік паркі құрылысының іргетасын қалау рәсімін өткізгелі отырмыз. Біз өздеріңіздей серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге әрқашан дайынбыз, – деді облыс басшысы Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында шетелдік компаниялар күн энергиясы, электр жабдықтары, құбыр арматурасы, пластмасса бұйымдары, цифрлық технологиялар, «Ақылды үй» жүйелері, күн панельдері және олардың компоненттерін өндіру, тұрғын үй және коммерциялық кешендер, инфрақұрылым нысандары (ауруханалар, мектептер, әуежайлар), сондай-ақ төмен вольтты электр жабдықтары мен қауіпсіздік шешімдерін әзірлеу жобаларын таныстырды. Бұдан бөлек, өндірісті цифрлық басқару, сайт жасау, оларды Google, Meta, LinkedIn, TikTok платформаларында ілгерілету және шетелдік клиенттерді тарту бойынша цифрлық маркетинг шешімдері ұсынылды.
Электр энергиясын беру және тарату жабдықтарын, электр шкафтары, күн мен жел электр станциялары үшін қосалқы станциялар, басқару және автоматтандыру жүйелерін шығару, экологиялық туризм, қонақүй және ойын-сауық қызметтері, дрондар мен цифрлық трансформация шешімдерін әзірлеу мәселелері де талқыланды.
Бүгінде Қытай Халық Республикасы Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар бойынша ТОП–5 инвестор ел қатарына кіреді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 31,1 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 14,9 млрд, импорт – 15,2 млрд АҚШ доллары.
Ал Түркістан облысы бойынша өзара тауар айналымы 296 млн АҚШ долларына жеткен: экспорт – 85 млн, импорт – 211 млн доллар.
Өңірде жалпы аумағы 2397 гектар болатын 20 индустриялық аймақ пен 4000 гектарлық «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Сонымен қатар, жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда.
Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының негізгі драйвері. 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,1 млрд АҚШ долларын құрады. Өнеркәсіп өндірісінің 44%-ын өңдеу өнеркәсібі (983 млн доллар) құрайды. Өңір мақта өңдеу бойынша 1-орында, ал текстиль өнімдері мен трансформатор өндірісі бойынша 2-орында тұр.






