Среда, 7 мая, 2025
26.2 C
Мырзакент
ҮйАуыл шаруашылығыМақтаарал. "Ақ алтынның" болашағы қандай?

Мақтаарал. “Ақ алтынның” болашағы қандай?

Кеңес дәуірінен бастап-ақ, Мақтаарал ауданы мақта өндірісінің негізгі орталықтарының бірі болып қалыптасқан. Бүгінгі таңда да ауданның экономикасы мен тұрғындарының әл-ауқаты мақта егісінің жағдайымен өте тығыз байланысты. Алайда, соңғы жылдары жаһандық климат өзгерістері, нарықтағы баға тұрақсыздығы мен агротехнологиялық қиындықтар мақта өндірісінің болашағына алаңдаушылық тудырып отыр.

Мақта шаруашылығы алдында бірнеше күрделі мәселе тұр. Ең алдымен, су тапшылығы – Сырдария өзеніндегі судың азаюы мен суару жүйелерінің тозуы салдарынан ауыл шаруашылығы зардап шегуде. Екіншіден, баға тұрақсыздығы – әлемдік мақта нарығындағы өзгерістер мен шетелдік импорттың артуы шаруалар үшін тәуекел тудырады. Үшіншіден, агротехниканың ескіруі – көптеген шаруашылықтарда ескі техника мен технологиялар қолданылып келеді. Төртіншіден, экологиялық мәселелер – химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтерді көп мөлшерде қолдану топырақтың тозуына әкелуде.

Жоғарыда аталған қиындықтарға қарамастан, мақтаның болашағына бәріміз де үмітпен қараймыз. Ол үшін бірқатар нақты қадамдар қажет: Су ресурстарын үнемдеу технологияларын енгізу – тамшылатып суару, жаңбырлатып суару секілді жаңа тәсілдерді қолдану арқылы су үнемделіп, өнімділік артады. Селекциялық жұмыстарды жандандыру – өнімділігі жоғары, құрғақшылыққа төзімді сорттар қажет. Мақтаны өңдеу саласын дамыту – тек шикізат емес, дайын өнім шығару арқылы қосымша құн жасалып, экспорттық әлеует артады. Мемлекеттік қолдау – субсидиялар, жеңілдетілген несие, аграрлық сақтандыру сынды механизмдер арқылы шаруаларға тұрақты жағдай жасалуы тиіс.

Мақтаарал ауданы сияқты су тапшылығы сезілетін аймақтарда тамшылатып суғару жүйесін енгізу өте маңызды. Мұндай әдіс жергілікті шаруаларға суды тек қажет мөлшерде пайдалануға мүмкіндік береді, бұл әсіресе су қорының шектеулі болған жағдайда үлкен пайда әкеледі. Сонымен қатар, тамшылатып суғару жүйесі егіннің өсуіне және дамуына оң әсерін тигізіп, өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Бұл шаруалардың еңбек өнімділігін жақсартып, ауыл шаруашылығындағы экономикалық көрсеткіштерді оңтайландырады. Оның үстіне ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында суды үнемдейтін озық технологияларды жыл сайын 150 мың гектар алқапқа қолдану туралы тапсырма беріп, осы мақсатта мемлекет тамшылатып суғару технологиясын іске асырған шаруаларға кеткен шығынның 80%-ын субсидиялап беруді қолға алды.

Өткен жылы Мақтааралда 2 мың гектар алқапқа тамышлатып суғару технологиясы арқылы егін егіліп, мол өнімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, мақта дақылының өнімділігі гектарына 60 центнерге жетіп, ауданның көрсеткішінен 2,2 есеге артық өнім алынды. Осылайша су үнемдеу технологияларының артықшылығына көз жеткізіп отырмыз. 

Облыс әкімінің тапсырмасымен биыл су үнемдеу технологиясына мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар нәтижесінде 6 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарланып отыр. Мақтаарал ауданында қазірдің өзінде 4895 гектар егістік алқапқа иелік ететін 89 шаруа қожалықтың жаңа технологияны пайдалануға ниетті екені анықталды. Оның ішінде 1,3 мың гектары мемлекет тарапынан берілетін субсидия алуға құжаттарын өткізген. Сонымен қатар, жыл басынан бері 2186 гектар бақша және қырыққабат дақылдарына су үнемдеу технологиясы енгізілген болса, бүгінде 129,4 гектар мақта дақылына және 35 гектар күріш дақылына жаңа технологияны енгізу жұмыстары басталды.

Аудандағы 60,6 мың гектар суғармалы жер 8,8 мың шаруа қожалықтарына тиесілі. Қазіргі таңда егістік алқаптардың сорлануы белең алғаны да жасырын емес. Жыл сайын мақтадан алатын өнім көлемі де көңіл көншітпейді. Одан бөлек, оның бағасы кеткен шығынды ақтамай жатады. Сондықтан, жаңа технологияны шұғыл түрде аудан шаруалары қолға алып, мемлекеттің көмегін пайдаланғаны жөн.

Соңғы жылдары жер асты суларының тез көтерілуі жердің сорлануына алып барып, аудан шаруаларының мол өнім алуына кедергі келтіріп жүргені үлкен мәселеге айналған еді. Одан қалса коллекторлық жүйелердің тазаланбауы, каналдар мен арық-атыз бетондарының шіруі немесе мүлде болмауы – егістік алқаптарына су жеткізуді қиындата түсті. Міне, мәселені шешу үшін мемлекетіміз қыруар қаржы бөліп, 2019 жылдан бері «ПУИД-2» жобасы бойынша құрылыстар жүргізілуде.  

Мақтаарал ауданында «ПУИД-2» жобасы жалпы 39,8 мың гектар аумақты қамтып, 3 кезең бойынша жүзеге асуда. Жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілуде. Жоба Қазақстанның суармалы ауыл шаруашылығының дамуындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Әсіресе, климаттық өзгерістер мен судың жетіспеушілігі жағдайында суармалы егіншіліктің дамуы үшін су шығынын азайту, дренаждық жүйелердің сапасын жақсарту өте маңызды екені белгілі.

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданында ұзындығы 643 шақырымды құрайтын каналдар мен ағын су арналары қалпына келтірілді. Сондай-ақ, тозығы жеткен 150 тік дренажды ұңғымалар қайта жөндеуден өтті. Құны 42,1 миллиард теңгені құрайтын жобаның арқасында ауданымызда каналдардың пайдалы әсер коэффиценті 0,65-тен 0,90-ға дейін артады деп жоспарлануда. Міне, бұл – мақта саласын дамытуға бағытталған мемлекетіміздің тағы бір қадамы.

Мақтаарал ауданы – Қазақстандағы мақта өндірісінің жүрегі. Иә, бұл саланың алдында көптеген қиындықтар бар. Алайда, егер мемлекет, фермерлер және ғылыми қауымдастық бірлесе әрекет етсе, мақта шаруашылығы қайтадан серпін алып, еліміздің экономикасына зор үлес қоса алады.

Қазіргі уақытта облыс және аудан басшылығы тарапынан бұл саланы өркендетіп, мақта өнімінің көлемін ұлғайту және шикізатты өңдеу бағытында көптеген жұмыс атқарылып келеді. Тіпті, шетелдік инвесторлар да бұл саланы дамытуға қызығушылық танытып, жаңа зауыттар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Өз кезегінде, мұндай жұмыстар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының басым бағыттарының бірі болып саналады.

Ауданымыздың даму стратегиямызда инвестициялық жобаларға басымдық берілген. 2024-2030 жылдарға жалпы құны 94,1 миллиард теңгеге 53 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде мақта-тоқыма кластерін дамытуда жалпы құны 70 миллиард теңгені құрайтын 8 ірі жобаны жүзеге асыру көзделген. Осы арқылы 3020 адам жұмыспен қамтылып, бюджетке қосымша 1,8 миллиард теңге салықтық түсімдер түседі деп болжануда.

Осы мақсатта 2022 жылы Мақтаарал ауданында жылына 80 мың тонна мақта талшығын өндіретін «Жанасыл» зауыты іске қосылды. Индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорын 150 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып, тәулігіне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Одан бөлек, күніне 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Зауыт қазіргі таңда шитті мақтаны өңдеп, одан мақта талшығын, мақта шитін, мақта линтін және улюк өнімдерін шығарып, тікелей Қытай, Түркия, Еуропа, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан елдеріне экспорттауда. Бүгінде аталған зауыт жанынан тамшылатып суғару таспасын шығаратын және мақта тұқымын өндіретін екі өндіріс орнының құрылысы жүріп жатыр.

Тамшылатып суғару таспасын шығаратын зауыттың құны 1,5 млрд. теңгені құрап, 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын болады. Ал, мақта тұқымын өңдеу зауытының құны да 1,5 млрд. теңгені құрап, 17 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Екі жоба да 2025 жылы іске қосылатын болады.

Бұдан бөлек, 2023 жылы «Қазақ ССР-нің 40 жылдығы» ауылында жаңадан мақта талшығын өңдейтін зауыт іске қосылды. Жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын мақта өңдейтін зауытты жергілікті кәсіпкер Қабыл Боев қытайдан инвестиция тарту арқылы ашып, «Cotton-Мақта» ЖШС өндіріс орны жылына 60 мың, ал тәулігіне 600 тонна мақта талшығын өңдеп, 50 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтыды.

Қазіргі таңда өзбекстандағы ірі өндіріс орындарының бірі – “Global Textile” компаниясы Мақтаарал ауданы Бірлік ауылдық округінің аумағынан 10 гектар жерге мақта қыбылдайтын бекет салу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде аудан орталығы Мырзакент кентінде компанияның кеңсесі ашылып, атқарушы директоры тағайындалған.

“Global Textile” компаниясының Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Жоспар бойынша компания Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата боя фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылатын болады.

2023 жылдан бастап тәжірибе ретінде компания жеткізген тұқымдық шиттер бірнеше гектар алқапқа егіліп, өзбекстандық арнайы агроном мамандар шаруаларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде. 2024 жылдан бастап компания мақтааралдық шаруаларға жер жырту жұмысынан бастап мақтаны жинап алғанға дейінгі аралықта шаруалраға қаржылық-материалдық көмектер беруде.

Облысмыз бойынша мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді, бірақ олардың тек 15%-ы ғана терең өңдеуден өткен. Дегенмен, бұл салада оң өзгерістер де байқалуда. Жоғарыда айтқанымдай, шаруалар жаңа су үнемдеу технологияларына өтіп жатыр, соның арқасында гектарынан 60-65 центнерден өнім алу мүмкіндігі артты. Сонымен қатар, мақта-тоқыма кластерін дамыту жобалары қолға алынып, мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хабтар құрылуда.

Қорытындылай келе, мақта саласының дамуы мемлекеттік қолдау, инновациялық технологиялар және кластерлік даму арқылы болашақта оң нәтижелерге қол жеткізуге болады. Саладағы мәселелерді шешу үшін мақта өңдеу қуаттарын арттыруды, сапалы тұқыммен қамтамасыз етуді және ішкі нарықты дамыта беруді жалғастыру қажет.

Құрақбаев Жақсыбай Болатұлы,

Облыстық мәслихат депутаты,

Түркістан облысының мәслихат аппараты

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ