Сейсенбі, Қыркүйек 24, 2024
30.8 C
Мырзакент
ҮйЖАҢАЛЫҚТАР«Журналистер әулетінің» атасы

«Журналистер әулетінің» атасы

Журналистика және өнер саласында еңбек етіп жүргендердің барлығы болмаса да көпшілігі  Мақтаарал ауданына жолы түссе әуелі Пердешті іздейтін. Ол  бәрімізге «өзіміздің Пердеш» болатын.

Журналшылар қазіргі бір жерден екі рет өнім алып жүрген диқандар сияқты жылына екі рет таралым жинайды. Сондықтан баспасөзге жазылу науқаны басталды дегенше Пердешті дүрбі салып іздей бастаймыз. Ол кезекті еңбек демалысына шығып немесе әлдеқандай тапсырмамен іссапарға кетіп қалмаса екен деп тілейміз. Оның үстіне ауданда өтетін түрлі шараларға ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қатысуы тиіс. Жұмысы қашан да бастан асып жататын оны енді тауып көріңіз! Міне, осындайда ол журналист әріптестеріне қашан да уақыт таба білді. Келген шаруамызға жете көңіл бөліп, ауыр жүгіміздің бір шетін көтерісуге әр кез дайын тұрды.

Иә, ол арқалағаны алтын, жегені жантақ – журналистер қауымының өз адамы бола білді. «Шардара» орта мектебінде оқып жүргенде аудандық «Өскен өңір» газетінің белді тілшісі еді. Бұл кезде аудандық газетте Жәлел Кәттебеков, Әбілхан Әбіласанов сынды ағалары еңбек ететін. Екеуі де өндіріп жазады. Газеттің әр санында очерктері мен суреттемелері жарқырап шығып тұрады. Сол ағаларының шығармаларын іздеп жүріп оқиды. Олардың тіл байлығына, сөз өрнегіне қызығады. Сөйтіп жүріп жоғары сыныпта оқып жүргенінде өзі де өлең, мақала, суреттеме жаза бастады. Алғашқы туындыларын жоғарыда аты аталған ағалары сырлап-қырнап кәдеге жарататын. Кейін қаламы төселе келе көп өңдемейтін болды. Сөйтіп жүріп мектепті күміс медальмен бітіріп шықты. Газетке шыққан мақала, суреттеме, очерктерін бір альбомға желімдеп ауылдан келген жеткіншекке емтихан алушылар түсіністікпен әрі қызыға қарады. Мектепті бітіре салып С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенті болып шыға келді. Алайда, белгілі себептерге байланысты ауылына қайтты. Оқуын сырттай бөлімге ауыстырған ол аудандық газеттен жұмыс таппағандықтан кеңшарда түрлі жұмыстар істеді.

 Жас жігіттің талабын аңғарған кеңшар басшылары оны Мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындады. Жастардың басын біріктіріп, Мәдениет үйінің жұмысын жандандырған оны енді комсомол ұйымының хатшылығына сайлады. Мұнда да ол жастардың жалынды жетекшісі ретінде кеңшар, аудан басшыларының көзіне түсті. Тыным таппайтын, алға қойған мақсатына жетпей тоқтамайтын Пердеш Есенбековті кәсіподақ комитетінің төрағалығына жоғарылатты. Көп ұзамай Пердеш Есенбеков Ленин атындағы кеңшар партия ұйымының хатшысы болып сайланды. Кеңес Одағы заманында коммунистік партияның ықпалы мен беделі мықты болғанын әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Партия жетекшілігіне саяси жағынан ысылған, бедел-бедері мықты азаматтарды ғана ұсынатын. Осы ретте қарапайым жұмысшыдан партия жетекшілігіне дейінгі жолдан өткен Пердештің ұйымдастырушылық қабілеті айқын аңғарылады. Ол осы ұйымдастырушылық қабілетін Үлгілі, Қазыбек би, Жаңажол ауылдық округтерінің әкімі қызметтерінде жүргенде жан-жақты танытты. Сондай-ақ, аудандық ішкі саясат және мәдениет бөлімдерінің меңгерушісі болып тұрғанда бірқатар игі істердің атқарылуына ұйытқы болды. 

Мемлекеттік қызметте 45 жыл үзіліссіз қызмет еткен ол 2001 жылы жергілікті тұрғындардың сеніміне ие болып, Үлгілі ауылдық округіне әкім болып сайланды. Сол жылы ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кеңеске мүше болды. Осы қоғамдық қызметте жүріп А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылындағы бастауыш мектеп пен Атамұра ауылындағы Қ.Қайсенов атындағы орта мектепке қосымша ғимарат салдыруға ықпал жасады. Сонымен қатар осы мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті кабинетін өз қаржысына толық безендіріп берді. 

Көптің жұмысын өз жұмысым деп білетін Пердеш «Туған жерге тағзым» акциясын ұйымдастырып, ауданның гүлденіп, көркеюіне де атсалысты. Кіндік қаны тамған ауылына көпір, аялдама салдырып берді. Сенбіліктер ұйымдастырып, көше бойларына тал-терек еккізді. Бұларға қосымша «Мырзашөл жұлдыздары» атты облыстық байқау өткізуге атсалысып, талай таланттың жолын ашуға мұрындық болды.

Оның осыншама жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Астана қаласына – 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20, 25, 30 жыл» мерекелік мадальдарымен, «Шапағат» медалімен марапатталды. Мақтаарал және Жетісай аудандарының құрметті азаматы атанды.

Әдебиетке құштар Пердеш Есенбекұлының елімізге танымал талай таланттарды қарсы алып, олардың шығармашылық кештерін жүргізгенін де атап айтқымыз келеді. Айталық, Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Қалдарбек Найманбаев, Құлбек Ергөбек, Көпен Әмірбек, Есенғали Раушанов, Қасымхан Бегманов сынды қаламгерлер мен Мыңжасар Маңғытаев, Әшірбек Сығаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Досхан Жолжақсынов, Қапаш Құлышева, Жанар Айжанова сынды өнер тарландарының шығармашылық кештерін жүргізіп, жерлестерінің құрметіне бөленді әрі қонақтарды аудан тұрғындарына таныстырды. Бүгінде ол сол өнер қырандарымен бірге болған күндерін сағынышпен еске алады. 

Ол қай салада еңбек етсе де қолынан қаламын тастаған жоқ. Атқарып жүрген қызметтеріне байланысты толғамды ойларын аудандық, облыстық газеттерге жиі жолдап отырды. Солардың арасында өлеңдер топтамасы да жарияланып тұратын. Журналист, ақын, асаба Пердеш Есенбеков үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүреді. Оның алғашқы өлеңдері «Жыр додасы» атты ұжымдық жинақта жарияланды. Осыдан соң «Құба таңда құба жыр» атты өлеңдер жинағы оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алды. Бүгінде ақын кезекті жыр жинағын баспаға әзірлеу үстінде. Сәтін салса, таяуда қолға тиіп те қалады.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Пердеш Есенбековтің ұл-қыздары да әке жолын қуды. Үлкен қызы Жанар танымал тележурналист. Арай Есенбек атты журналисті бүгінде білмейтін жан жоқ. Ал, Сандуғашы Алматыдағы «КТК» телеарнасында журналист. Салтанаты «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында баспасөз хатшысы. Келіні Гүлнардың да мамандығы журналист. Жалпы, Есенбековтер отбасын «Журналистер әулеті» деп атауға әбден болады. Сонда Пернекең «Журналистер әулетінің» атасы болып тұр емес пе?!

Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған Пердеш бүгінде шығармашылық шалқар шабыт үстінде. Қолы қалт еткенде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына келіп, әріптестерімен сыр-сұхбат жасап кетуге асығады. Алдағы жұмыс жоспарларымен бөліседі. 

– Туған жерімнің әрбір бөлшегі мен үшін ыстық. Сондықтан жырларым туған жеріме арналады. Күн сайын ерте тұрып, құба таңға таңырқай қараймын. Құба таңда жүрегіме құба жырлар қонақтайды. Бүгінде жаңа өлеңдер жазып жүрмін. Көңіл бұлтын өлеңдерім қуалайды. Көңіліме жаққан жыр жазсам, бұл күн мен үшін бір бақыт. Сонымен бірге көңілге түйген дүниелерімді мақала етіп жазамын, – деп сыр ақтарды бізге әріптесіміз.

Иә, журналистер отбасын тәрбиелеп отырған ол бүгінде тағы бір бастама көтеріп жүр. Оны кезегі келгенде айтамыз…


Сабырбек ОЛЖАБАЙ, 
«Оңтүстік Қазақстан».

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ