Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаровтың төрағалығымен шұғыл жиын өтті.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Б.Анарбеков, аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Атақұлов пен аппараттың бөлім басшылары, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиында 2025 жылдың қорытындысы бойынша күтілетін индикаторлық көрсеткіштердің орындалу деңгейі қаралды. Ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ш.Әбенов арнайы баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелерін баяндады. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізген салалармен қатар, даму қарқыны тежелген бағыттарды да нақты атап өтті. Әбеновтің айтуынша, бірқатар көрсеткіштер межеден төмен болуы мүмкін деген қауіп бар, сол себепті тиісті бөлімдер тарапынан қосымша талдау жүргізіліп, кемшіліктерді жедел түзету қажет.
Жиын барысында Нұрбол Жақсылықұлы әр бөлім басшысының есептері мен ұсыныстарын тыңдап, жоспарланған көрсеткіштердің толық әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырмасын жүктеді. Ол жылды ойдағыдай қорытындылау үшін нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті. Әкім орынбасары индикаторлардың орындалуы ауданның жалпы даму қарқынына тікелей әсер ететінін айтып, жауапты тұлғаларға жұмысты ширатуды, баяулап қалған бағыттарды жандандыруды міндеттеді.
Жиын қорытындысында барлық қатысушыларға бағыт-бағдар беріліп, жыл соңына дейін атқарылатын негізгі міндеттер нақтыланды. Н.Саттаров қойылған межелерді орындау – әр сала жетекшісінің жауапкершілігі екенін ескертіп, ынтымақтаса жұмыс атқару арқылы ғана күтілетін нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтты.







