Мақтаарал ауданында құқықтық мәдениетті арттыру және заң үстемдігін насихаттау бағытында мазмұнды кездесу өтті.
Ауданның білім бөліміне қарасты №58 жалпы білім беретін мектеп базасында «Заң және тәртіп» қағидасы – қоғам тұрақтылығының кепілі тақырыбында еркін форматтағы жиын ұйымдастырылды.
Іс-шараға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Б.Анарбеков, аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Е.Сламбеков, аудандық соттың судьясы А.Құрақбаева, аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Е.Надиров, аудан прокуратурасының прокуроры Ж.Амантай, сондай-ақ Мырзақұл ата мешітінің имамы У.Шиндаулиев арнайы қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілері де белсенділік танытты.
Кездесудің басты мақсаты – қоғамда әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін «Заң және тәртіп» қағидасының маңызын түсіндіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру болды. Еркін форматта өткен жиында спикерлер құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы тәртіп мәселелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қоғамдық қауіпсіздік және діни сауаттылық тақырыптарын кеңінен қозғады.
Шара барысында «Заң және тәртіп» қағидасының негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, қоғамда тәртіп пен тұрақтылық орнату, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң алдында барлық азаматтардың теңдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың заң аясында жұмыс істеуін қадағалау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесу ашық диалог алаңында өрбіді. Қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, құқық қорғау және сот саласының мамандарынан нақты жауаптар алды. Мұндай формат өзара түсіністікті арттырып, құқықтық сауаттылықты көтеруге мүмкіндік берді.
Жиын қорытындысында Бижан Анарбеков қоғамдағы тәртіп пен заң үстемдігін сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Заңға құрметпен қарау, құқықтық мәдениетті нығайту және жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру – тұрақты әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты кепілі екенін айтты.












