Вакциналар – адамзаттың инфекциялық аурулармен күресудегі ең ірі жетістіктерінің бірі. Олар миллиондаған адамның өмірін сақтап қалған, жұқпалы дерттердің алдын алуға мүмкіндік берген медицина саласындағы революциялық жаңалық. Вакциналардың тарихы бірнеше ғасырларға созылады және ғылыми ізденістер мен тәжірибелер арқылы қалыптасқан.
Вакцинацияның алғашқы идеясы Қытай мен Үндістанда XVIII ғасырға дейін пайда болған. Онда шешекпен (оспа) ауырған адамның жарасынан алынған іріңді сау адамға жағу арқылы жеңіл түрде ауырып, иммунитет қалыптастыру әрекеттері жасалған. Бұл әдіс «вариоляция» деп аталды және қауіпті болғанымен, белгілі бір дәрежеде тиімді нәтиже берді.
Алайда, вакцинологияның негізін қалаушы ретінде Эдвард Дженнер есімі тарихта қалды. 1796 жылы ол сиыр шешегімен ауырған сүтшінің қолындағы жарадан материал алып, оны 8 жасар балаға егіп, нәтижесінде ол адам шешегіне қарсы иммунитетке ие болғанын байқады. Бұл тәжірибе алғашқы ғылыми дәлелденген вакцина ретінде саналып, вакцинация дәуірінің басталуына жол ашты. «Вакцина» сөзі латынның vacca – сиыр сөзінен шыққан.
XIX ғасырдың соңында Луи Пастер вакцина жасау ісін әрі қарай дамытты. Ол құтыру, күйдіргі және тауық тырысқағына қарсы вакциналар жасап шығарды. Бұл жаңалықтар инфекциялық ауруларға қарсы белсенді күрес жүргізуге жол ашты және вакцина жасау әдістерін ғылыми негізге қойды.
XX ғасырда вакцинология саласында үлкен серпілістер болды. Дифтерия, көкжөтел, қызылша, туберкулез, полиомиелит сияқты дерттерге қарсы тиімді вакциналар жасалды. 1950–1960 жылдары бүкіл әлем бойынша жаппай вакцинация науқандары жүргізіле бастады. Оның нәтижесінде шешек ауруы 1980 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәлімдемесіне сәйкес, Жер бетінен толық жойылды. Бұл – адамзат тарихындағы алғашқы толығымен жойылған жұқпалы ауру болып саналады.
XXI ғасырда вакциналар гендік инженерия мен биотехнологияның жетістіктері негізінде дами түсті. mRNA (мРНҚ) технологиясы, векторлық вакциналар және жасушалық инженерия әдістері пандемия жағдайларында жылдам және тиімді екпелер жасауға мүмкіндік берді. COVID-19 індеті кезінде бұл технологиялардың арқасында бірнеше ай ішінде вакциналар әзірленіп, жаппай қолдануға енгізілді.
Вакциналар бүгінде тек жұқпалы ауруларға ғана емес, қатерлі ісік, аллергия, тіпті нашақорлық сияқты мәселелерге қарсы күресте де қолданыла бастады. Бұл олардың болашақта медицинада алар орны бұрынғыдан да маңызды болатынын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, вакциналардың тарихы – ғылым мен адамзаттың ынтымақтастығының жарқын үлгісі. Вакцинация – тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның денсаулығын қорғауға бағытталған қоғамдық жауапкершілік. Ғылымның бұл жетістігін бағалап, оған сеніммен қарау – дені сау ұрпақтың кепілі.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов